Елордада Азия-Тынық мұхит аймақтарының халықаралық туристік көрмесі өтеді

0
1 563

Көрмеге әлемнің 60 елінен туристік индустрияның 1000-нан астам өкілі қатысады.


Елордада Азия-Тынық мұхит аймақтарының халықаралық туристік көрмесі өтеді

ERNUR.KZ. 18-20 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы Көрме орталығында Азия-Тынық мұхит аймақтарының PATA Travel Mart 2019 халықаралық туристік көрмесі өтеді, деп жазады Елорда Инфо.

Көрмеге әлемнің 60 елінен туристік индустрияның 1000-нан астам өкілі қатысады.

РТМ 2019 көрмесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырады.

Іс-шара аясына көрме, іскерлік кездесулерге арналған нетворкинг-платформа және іскерлік екі форум кіреді. PATA Travel Mart жергілікті және халықаралық туристік нарық ойыншыларына арналған коммуникациялық, іскерлік және нетворкинг алаң болмақ. Көрме қазақстандық туроператорлар мен бизнес-қауымдастық үшін отандық және шетелдік турөнімдерді дамыту мақсатындағы халықаралық байланысты нығайтудың бірегей мүмкіндігі.

«ТМД кеңістігі мен Еуразияның еуропалық бөлігінде РАТА көрмесін алғаш рет өткізу құқығын Қазақстанның жеңіп алғанына аса қуаныштымыз. Мемлекет тарапынан Қазақстанда туризмді дамыту бағытындағы көптеген іс-шаралар атқарылуда. Біз елімізде туристік бизнеске арналған платформаны қалыптастырып жатырмыз. Мысалы, 72 сағатқа визасыз режим енгіздік, туристердің келуіне жағдай жасауды жалғастырудамыз», - деп ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атап өтті.

РАТА президенті Доктор Марио Харди туристік болашақ Азияның еншісінде болғандықтан Қазақстанға осындай іс-шараларды жалғастыру қажет екеніне назар аударды. Марио Харди туристік әлеуетті дамытуда еліміздің дұрыс жолды таңдағанын айтты.

Kazunion туроператор-компаниясының негізін қалаушы Лаура Галиеваның сөзіне сүйенсек, Қазақстанда туристік бизнесті алға жылжыту үшін РТМ 2019 тәрізді іс-шаралардың тиімділігі өте жоғары:

«Осы іс-шара – Қазақстанның туристік бизнесі үшін аса тиімді. Мен үшін РТМ – Қазақстанға сырттан келушілер туризмін дамытудың жаңа құралы. Қазіргі таңдағы жылдам өзгеретін әлемде басқа елдер бизнесінің Қазақстандық бизнеспен тікелей кездесуі аса маңызды, себебі туризм – адамдармен байланысты бизнес, мұнда қарым-қатынастың рөлі өте жоғары. Көрме осындай мүмкіндікті ұсынып отыр», - дейді.

Іс-шараның бағдарламасында көптеген шара қамтылған және толық үш күнге есептелген.

PTM 2019 спикерлерінің қатарында BBC Global News-тің жарнаманы сату жөніндегі вице-перзиденті (Сингапур, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтары) Джон Уильямс, Air Astana авиакомпаниясының президенті Питер Фостер, iFree Group-тың Корпоративтік даму және коммуникация жөніндегі вице-президенті Тони Смит және басқалары бар.

PATA Travel Mart 2019 аясында PATA Gold Awards 2019 марапатын табыстау жоспары да бар.

Қазір іс-шараға 32 елден 250-ден астам селлер жұмылдырылған, олар өз класындағы үздік өнімдер мен қызметтерді, ерекше тағамдар мен Жапониядағы «фото-каникулдан» Қытай мұрасына саяхатқа дейін көрсетеді.