Болашақ әкелер де «Баланы жаялыққа жылдам орау» байқауына қатысты
ERNUR.KZ. Астанада сәбилерінің дүниеге келуін күтіп жүрген болашақ аналар арасында «Miss Аяулы Ана - 2018» байқауы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.
Елорда әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, болашақ аналар арасындағы сұлулық байқауы қалада алғаш рет өткізіліп отыр. Финалда 19-35 жас аралығындағы тоғыз әйел бақ сынады. Байқау барысында қатысушылар шығармашылық қабілеттерін паш етіп, түрлі елдердегі жүктілік пен босану үрдісі туралы әңгімеледі, сондай-ақ би билеп, ән айтып, кешкі көйлектер үлгісін көрсетті.
Ұйымдастырушылар болашақ әкелер туралы да ұмытқан жоқ. Олардың арасында «Баланы жаялыққа жылдам орау» байқауы өтті.
«Біз жүктіліктің 28 аптасына дейінгі әйелдерді іріктеп алдық. Бірінші кезеңде болашақ аналар осы байқауға не үшін қатысқысы келетіні туралы мотивациялық хат жазды. Екінші айналымда олар өз туысқандарымен бейнеролик түсірді», - дейді акушер-гинеколог Айжан Ауанасова.
Қатысушылар соңғы жарысқа бір жарым ай бойы дайындалды. Болашақ аналар йогамен айналысып, вокалдық әрі хореографиялық шеберліктерін шыңдады.
Нәтижесінде, 31 жастағы Раушан Тілекуенова конкурс жеңімпазы атанды. Вице-мисс атағын Жұлдыз Шолақова мен Ғалия Сағым өзара бөлісті. Ал «Көрермен көзайымы» аталымына Раушан Сатмағанбетова лайық деп танылды. Айта кетейік, шараны «Аяулы Ана» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.