Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тану және емтихансыз айырбастау тәртібін енгізбек.
ERNUR.KZ. Қазақстандықтар жүргізуші куәліктерін Қытай аумағында, ал ҚХР азаматтары Қазақстанда пайдалана алады. Ішкі істер министрлігі екі ел арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім жобасын әзірледі, деп жазады baq.kz.
Нормативтік-құқықтық актіге сәйкес, Қазақстан мен Қытай азаматтары барған елдің аумағында жеңіл автокөлік жүргізу үшін қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалана алады.
Басты жаңашылдық – құжаттарды тікелей айырбастау мүмкіндігі. Екінші елдің аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын Қазақстан мен Қытай азаматтары қайта оқудан өтпей және біліктілік емтихандарын тапсырмай-ақ жүргізуші куәліктерін айырбастай алады. Бұл рәсім қабылдаушы елдің ішкі заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Үкіметаралық келісімнің мақсаты – әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы көлік, туризм және іскерлік байланыстарды дамыту.
Жоба келісімге ресми түрде қол қойылып, барлық мемлекетішілік рәсімдер аяқталып, құжат заңды күшіне енгеннен кейін жүзеге асырыла бастайды. Жүргізуші куәліктерін айырбастау да осыдан кейін мүмкін болады.


