Екі апталық оқу курсын аяқтағаннан кейін тәлімгерге біліктілігін растайтын сертификат беріледі.
ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігі 30 сәуірде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты жаңа бұйрық шығарды, деп жазады sputnik.kz.
Бұдан былай мұндай балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар міндетті түрде сертификат алуы керек, яғни екі апта курс оқиды.
Оқытуды тәлімгерлікпен айналысатын ұйымдар жүргізеді. Кандидаттар жазбаша өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсырады. Оқу ұзақтығы екі аптадан аспайды. Курсты аяқтаған соң тестілеу өткізіледі, оны сәтті тапсырған азаматтарға сертификат беріледі.
"Тәлімгерлерді міндетті сертификаттау ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Дайындықтан өткен тәлімгерлер балалардың әлеуметтенуіне және ересек өмірге дайындығына тиімді көмектесе алады деп сенеміз", — дейді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Тәлімгер болуға үміткер Қазақстанның кәмелетке толған азаматы болуға, қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс. Тәлімгерлік қызмет ақысыз түрде жүзеге асырылады және 10 жастан асқан, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Еске салсақ, Қазақстанда тәлімгерлік институты 2024 жылы енгізілді. Оның мақсаты — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау көрсету. Бұл механизм тәрбиеленушілерді өз бетінше өмір сүруге дайындауға ықпал етеді.