Алғашқы көмектің жедел әрі дұрыс көрсетілуі маңызды
Сурет: ЖИ
«Инсульт соңғы кездері тым «жасарып» барады». Дәрігерлер осылай дабыл қағуда. Медициналық көрсеткіштер де осыған меңзейді.
Бұрын «инсульт» диагнозы көбіне егде жастағы адамдарға қойылса, қазір 30–45 жастағылар арасында жиілеп барады. Қазақстандағы соңғы медициналық-статистикалық деректерге сүйенсек, елде жыл сайын 40–50 мыңға жуық адам инсульт алады. Осы көрсеткішті ескере отырып, невролог-дәрігер Нұрхат Ерқанат Ерболатұлына инсульт туралы ең актуалды сұрақтарды жолдаған едік.
Инсульт неге «жасарды»?
Бүгінгі таңда қарқынды өмір ырғағы, үнемі күйзеліс (стресс), сондай-ақ энергетикалық сусындар мен электронды сигареттерді (вейп) шамадан тыс қолдану жастардың жүрек-қантамыр жүйесіне үлкен салмақ түсіруде.

Е. Ерболатұлы:
«Көптеген адамдар, әсіресе 20-45 жас аралығында, энергетикті күнделікті ішеді. «Зияны азырақ» деп темекі орнына электронды вейп тұтынуда. Шын мәнінде, бұл заттардың қан тамырларын қалай тарылтатынын елестете де алмайды. Салдарынан қан қысымы кенеттен көтеріліп, тамырдың әлсіз жері шыдамай жарылуы немесе тромб бітеліп қалу ықтималдығы жоғары. Жас кезде организм шыдап бағуға тырысады. Бірақ уақыт өткен сайын төзімділігі төмендейді.»
Көп жағдайда бұл ауру бірден пайда болмайды. Жылдар бойы жиналған әдеттер мен денсаулықтағы асқынулардың салдарынан орын алады. Маман инсульттің дамуына түрткі болатын басқа да негізгі себептер мен қауіп факторларын былай тізбектейді.
Артериялық гипертензия
Инсульттің ең басты және бірінші себебі – жоғары қан қысымы. Қан қысымы шамадан тыс көтерілгенде мидың ұсақ тамырлары шыдамай, жарылып кетуі мүмкін (геморрагиялық инсульт). Немесе тамыр қабырғасы зақымданып, тромб пайда болады (ишемиялық инсульт).
Атеросклероз және холестериннің жоғарылауы
Қан тамырларының қабырғасында «жаман» холестерин жиналып, түйіндер түзеді. Бұл тамырдың жолын тарылтып немесе толығымен бітеп тастайды. Нәтижесінде миға баратын қан айналымы бұзылып, инсульт орын алады.
Қант диабеті
Қандағы қант мөлшерінің жоғары болуы тамырлар қабырғасын әлсіретіп, зақымдайды. Диабетпен ауыратын адамдарда тромб түзілу қаупі әлдеқайда жоғары болады.
Жүрек аурулары
Жүректің жұмысы бұзылғанда (мысалы, жүрек фибрилляциясы немесе аритмия кезінде) жүректе қан ұйындылары – тромбтар түзілуі мүмкін. Бұл тромбтар қан ағынымен миға жетіп, тамырларды бітеп тастауы ықтимал.
Зиянды әдеттер
Темекі, электронды сигарет, вейптен алынатын никотин мен түтін қан тамырларын тарылтып, қанның ұю қабілетін арттырады. Алкогольді шамадан тыс ішу қан қысымын жоғары-төмен ойнатып, жүрек-қантамыр жүйесіне тым қатты салмақ түсіреді.
Дұрыс емес тамақтану және қозғалыстың аздығы
Майлы, тұзды, фаст-фуд өнімдерін шамадан тыс тұтыну артық салмаққа, семіздікке әкеледі. Отырықшы өмір салты қан айналымын баяулатып, холестерин деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді.
Үздіксіз стресс пен ұйқының бұзылуы
Жүйке жүйесінің шамадан тыс шаршауы, созылмалы стресс адреналин, кортизол гормондарының бөлінуін көбейтіп, қан қысымын кенеттен көтереді де, инсультке жол ашады.
Е. Ерболатұлы:
«Осы себептердің көбісін бақылауда ұстауға болады. Жылына бір рет қан қысымын, қант пен холестеринді тексерту, дұрыс тамақтану және белсенді өмір салтын ұстану инсульттің алдын алуға көмектеседі.»
«Жедел жәрдем» келгенше анықтау маңызды
«Медицинада «терапевтік терезе» ұғымы бар. Науқасқа алғашқы көмек 4,5 сағат ішінде көрсетілсе, өмірін аман алып қалуға және мүгедектіктен сақтап қалуға мүмкіндік көбірек. Инсультті медициналық білімі жоқ адамдардың бірден байқауы қиынға соғады. Салдарынан көбінесе кеш түсініп жатады. Әсіресе бұл жағдай шағын белгілермен өтетін микроинсульт кезінде жиі кездеседі. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін жағдайды бағамдап, қажетті алғашқы шараларды жасау өмірді сақтап қалу үшін аса маңызды. Бұл ретте әрбір секунд санаулы. Сондықтан жақындарыңызға немесе өзіңізге көмектесу үшін мынадай қарапайым тест көмекке келеді» – Е. Ерболатұлы инсультті тез анықтауға көмектесетін «ТЕСУ» ережесін әрбір адам білуі тиіс екенін айтты.
- Т (Тіл/Сөйлеу): Адамның сөйлесуі бұзылмады ма, сөзі анық па?
- Е (Ерін/Бет): Күлімсірегенде беттің екі жағы тепе-тең қозғала ма? Ерін ассимметриясы байқалмай ма?
- Б (Бұлшықет/Қол): Екі қолын бірдей көтеріп, созып ұстай ала ма? Біреуі әлсіздік танытып, түсіп кетпей ме?
- У (Уақыт): Егер осы белгілердің біреуі байқалса, бір секунд жоғалтпай «103» нөміріне қоңырау шалып, «Жедел жәрдем» шақырыңыз!
Тесттің халықаралық атауы – «FAST»: Face – Arm – Speech – Test.
Дәрігердің кеңесі:
«Көп адамдар «Аздап басым айналып тұр, кішкене жатып демалсам, басылып қалар» деп уақыт жоғалтады. Бұл - ең үлкен қателік. Жоғарыдағы тест арқылы тексеріп, қайсыбір күдікті белгі байқалғанда, дереу жедел жәрдем шақырып, мамандандырылған инсульт орталығына жеткізуді талап ету керек. Себебі алғашқы сағаттарда жасалатын жоғары технологиялық ем-шаралар адамды толық сауықтырып шығара алады»
Инсультке күдік болған жағдайда...
«ТЕБУ» («FAST») тестін жасағанда инсультке ұқсайтын күдікті белгілер байқалса, мына ережелерді қатаң сақтау қажет:
- Егер науқас есін біліп жатса, оны басы мен иығын сәл көтеріп, жастыққа сүйеп, ыңғайлы етіп отырғызыңыз немесе жатқызыңыз. Басын кілт қозғауға, қатты бұруға болмайды.
- Айналада адамдар топырламауын, ауаны тарылтпауын қамтамасыз етіңіз. Терезені ашып, ауаны тазартыңыз. Мойынды, кеудені қысып тұрған киімдердің түймелерін ағытып, еркін тыныс алуына жағдай жасаңыз.
- Егер қан қысымын өлшейтін құрал болса, қысымын тексеріңіз. Көрсеткішті тек жазып не жаттап алыңыз. Дәрігердің рұқсатынсыз күшті қысым түсіретін дәрі беруге болмайды. Қан қысымының тым тез төмендеуі жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін.
- Науқасқа су, дәрі-дәрмек, тамақ беруге қатаң тыйым салынады. Инсульт кезінде жұтыну функциясы бұзылуы мүмкін. Науқастың шашалып қалу, тұншығу қаупі жоғары.
- Науқастың жүрегі айнып, құса бастауы мүмкін. Бірақ басын көтеруіне, тіктеліп отыруына болмайды. Тұншығып қалудан сақтау үшін басын бір жаққа қарай аздап бұру жеткілікті.
- Белгілердің (әлсіздік, сөйлеудің бұзылуы, т.б.) дәл қашан басталғанын есте сақтаңыз немесе жазып алыңыз. Бұл ақпарат жедел жәрдем дәрігерлеріне шұғыл көмек көрсету (мысалы, тромболизис жасау) үшін өте маңызды.
Инсульттен кейінгі оңалту
«Инсультті дер кезінде анықтау, тиісті ем алып жеңіп шығу барлық қауіп артта қалды деген сөз емес. Алда әлі жұмыстың жартысы – оңалту жолы күтіп тұр. Науқастың бұрынғы қалпына келуі үшін алғашқы 6 айдағы амалдары өте маңызды. Қазіргі таңда елімізде оңалту орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ отбасының қолдауы мен шыдамдылығы ауадай қажет»,-дейді дәрігер.
Маманның мәлімдеуінше, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен оңалту жұмыстарының басты бағыттары:
- МӘМС шеңберінде азаматтар стационарлық, күндізгі және амбулаториялық деңгейде тегін оңалтудан өте алады. Науқасқа реабилитолог, кинезиотерапевт, логопед және психолог кешенді көмек көрсетеді. Ерте оңалту аурухананың инсульт орталығынан басталады. Одан соң арнайы орталықтар мен санаторийлерге жолдама беріледі. Үйде емдеу әдістері іске қосылып, емхананың мобильді топтары мен логопед, физиотерапевт бақылауында жалғасады.
- Мүгедектік пен әлеуметтік қолдау. Егер ағза функциялары толық қалпына келмесе, медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы мүгедектік тобы беріледі. Мемлекет тарапынан жәрдемақы төленіп, арнайы құралдар тегін үлестіріледі.
Е. Ерболатұлы:
«Үйде дәрігер тағайындаған физикалық жаттығуларды тоқтатпау, логопед сабақтарын жалғастыру, дәрілерді уақытында ішу маңызды. Туыстарының психологиялық қолдау көрсетудің пайдалық үлесі медициналық ем-домнан кем емес»
Инсульт – кенеттен келетін қауіп сияқты көрінгенімен, ол – жылдар бойғы салғырттықтың салдары. Невролог-дәрігер Ерқанат Нұрхат барша оқырманға: «Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін зиянды әдеттер, жоғары қысым, күйзелістен барынша аулақ болыңыз. Қазақстандағы емдеу орындарында және поликлиникаларда тегін скринингтер мен профилактикалық тексерулер болады. Өз денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз. Жылына бір рет қан қысымын өлшеп, қант пен холестеринді тексерту – өміріңізді сақтайтын қарапайым әрі маңызды қадам»,-деп кеңес береді.
Дайындаған: А. МЕЙІРХАНҚЫЗЫ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


