Энергетика министрлігі мен PowerChina зерттеу орталығын құрады

0
52

​Қытайдың PowerChina компаниясы энергетикалық ауысу жобаларын тиімді жүзеге асыруға арналған, машиналық оқыту мен жасанды интеллект технологияларына негізделген жаңа цифрлық платформасын таныстырды.


Энергетика министрлігі мен PowerChina зерттеу орталығын құрады

ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов PowerChina Chengdu компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуда тараптар цифрландыру, «ақылды» құрылыс және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Кездесуде қытай тарапы ЖЭК және энергетикалық құрылыс бағыттарына арналған PowerChina-ның цифрлық шешімдерін ұсынды. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия нысандарын жоспарлау платформасы және жасанды интеллект технологияларын қолданатын жобалау мен құрылыс үдерісін мониторингтеу жүйесін көрсетті.

Аталған шешімдер энергетикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау негізінде кешенді цифрлық трансформацияны қамтамасыз етеді. Олар жобалау мен құрылыстан бастап ЖЭК нысандарын пайдалануға беруге дейінгі толық циклді басқаруға мүмкіндік беретін цифрлық экожүйе қалыптастырады. Бұл технологиялар Қытайда және басқа да елдерде жүздеген ЖЭК жобасында табысты қолданылған.

2025 жылдың маусымында ҚР Энергетика министрлігі мен PowerChina компаниясы кеңауқымды ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжат аясында энергетикалық ауысу саласындағы бірлескен зерттеу орталығын құру жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ұсынылған цифрлық құралдардың өзекті міндеттерді шешудегі әлеуетін атап өтті.

«Бұл технологиялар процестерді жеделдетіп, шешім қабылдаудың дәлдігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер энергетика саласында ғана емес, басқа салаларда да қолданылады. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні енгізу мен дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Біз де өз тарапымыздан мұндай бастамаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз» – деді ол.

Тараптар бірлескен бастамаларды жалғастыруға және еліміздің энергетика саласына озық цифрлық технологияларды енгізу бойынша өзара ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.