Кассирлер жеке куәлікті талап ете алады.
фото: Владимир Астапкович
ERNUR.KZ. Қазақстанда жаңа жылдан бастап энергетикалық сусындарға қатысты шектеу күшіне енді. Оған сәйкес, 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған, деп жазады sputnik.kz.
Кассирлер жеке куәлікті талап ете алады
Энергетикалық сусындарға қатысты шектеу заңнамаға былтыр енгізілген болатын. Соның аясында "энергетикалық сусынның" нақты анықтамасы бекітілді.
"Энергетикалық сусын – кофе мен шайды қоспағанда, сергіту әсерін көрсететін, құрамында кофеин және оны қамтитын өсімдіктер (өсімдік сығындылары), таурин, гуарана, мате, сондай-ақ дәрілік өсімдіктер мен олардың сығындылары, қант, минералды заттар, жеңіл қорытылатын көмірсулар, дәрумендер мен дәрумен тәрізді заттар, энергетикалық алмасу субстраттары мен стимуляторлары бар, шамадан тыс тұтынылуы кезінде адам организміне теріс әсер ететін алкогольсіз және алкоголі аз сусын", - делінген заңда.
Бұдан бөлек, заңда энергетикалық сусынды кімге және қай жерде сатуға болмайтынына қатысты шекеулер бар. Олар:
21 жасқа дейінгі адамдарға;
сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы сатушының тікелей қатысуынсыз;
сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттарсыз;
Ал сауда орнында энергетикалық сусынды сатып алушының жиырма бір жасқа толғанына күмән туындаған жағдайда кассирлер жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуді талап ете алады. Жеке куәлік көрсетілмесе, энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, энергетикалық сусындар сатылатын жерде "Энергетикалық сусындарды жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады" деген жазба болуы шарт.
Айыппұлдың көлемі қандай
Бұған дейін энергетикалық сусындарды сатуға қатысты шектеуді бұзу бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қосымша 423-3 бабын енгізу ұсынылған болатын. Оған сәйкес, заң талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасалады немесе айыппұл салынады.
Айыппұлдың көлемі:
жеке тұлғаларға – 15 АЕК (58 980 теңге);
шағын кәсіпкерлік субъектілерге – 25 АЕК (98 300 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілерге – 40 АЕК (157 280 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілерге – 100 АЕК (393 200 теңге);
Ал заң талабын бір жылдың ішінде қайта бұзғаны үшін айыпппұлдың көлемі екі есеге артады. Бірақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қосымша бап әлі енгізілген жоқ.
Энергетикалық сусынның зияны
Энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин ауыр гастрит тудырады, бұл асқазан, ішекте қабыну, ауырсыну, жаралар мен эрозиялар және қан кету сияқты белгілерді тудыруы мүмкін. Терапевтер, кардиологтар ғана емес, тіпті хирургтар да энергетикалық сусындарды шамадан тыс пайдалану проблемасына тап болған. Өйткені энергетикалық сусынды ішу салдарынан хирургиялық патологиясы бар науқастар саны күрт артқан.
Неврологтар да энергетикалық сусынның зияны бар деп отыр. Газдалған сусындағы кофеинді үнемі қолдану мидағы химиялық өзгерістерге әкелуі мүмкін.
Бұған дейін Алматы облысында энергетикалық сусын ішкен адам жансақтау бөліміне түскен болатын.
Ал Шымкентте танымал энергетикалық сусынның маркасын қолдан жасаған.