Тұңғыш Президент бүгінде тұтас желілік қоғамдастықтар ешқандай шекараны білмейтін қастықтың, ксенофобияның ошағына айналып жатқанын атап өтті.
ERNUR.KZ. Желіде діни өшпенділік отын жағатын қылмыскерлер жазадан құтылмауы тиіс. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Елемей жүруге болмайтын қазіргі заманғы жаһандық сын-тегеуріннің тағы бір түрі - ол цифрлық коммуникациялардың дамуы. Олар сөзсіз игілігінен бөлек, деструктивтік әлеуетті де ілестіріп жүретіні анық. Цифрлық коммуникациялардың мүмкіндіктері этникалық және діни өшпенділік отын жағуға, сондай-ақ лаңкестік актілерді жасауға жиі қолданылады», - деп тоқталды Н. Назарбаев.
Тұңғыш Президент бүгінде тұтас желілік қоғамдастықтар ешқандай шекараны білмейтін қастықтың, ксенофобияның ошағына айналып жатқанын атап өтті.
«Желіде өздерінің өңі мен аты-жөнін жасыра отырып, кейбір адамдар қылмыстары үшін жазасыз құтыламыз деп ойлайды. Алайда олар жауапкершіліктен құтылмады. Мемлекеттер осындай заңсыздықтарға қарсы батыл шешімдерді қабылдауы керек», - деді Н. Назарбаев.