"Hayat-Vax-тан жоғары": QazVac вакцинасының зерттеу нәтижелері айтылды

0
681

Маман III фазаның клиникалық зерттеуінің нәтижесі QazVac вакцинасының COVID-19-ға қарсы жоғары әлеуетін растайтынын атап өтті.


ERNUR.KZ. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бас директоры Күнсұлу Закария QazVac вакцинасының III клиникалық сынақтарының нәтижесі туралы айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

"Тірі вирустың көмегімен жүргізілген бейтараптандыру сынағы вакцинацияланған организмнің QazVac вакцинасына иммундық реакциясын анықтауға кепілдік береді. Сынақтан өткен 3244 адамға жүргізілген үш фазалы клиникалық зерттеулерде және 200-ден аса еріктіні хаттамасыз зерттеуде SARS-CoV-2 вирусын бейтараптандыратын антидене QazVac вакцинасын салдырғандардың 95 пайызынан астамында анықталды", - деді Күнсұлу Закария.

Ол Нұр-Сұлтан зертханасындағы салыстырмалы зерттеу ИФТ тестінің көмегімен жүргізілгенін, бірақ бұл тест көбіне QazVac вакцинасынан кейінгі антиденелерді анықтамайтынын айтты.

"Нұр-Сұлтандағы зертхана берген көрсеткіш COVID-19-дан қорғаныс көрсеткіші емес, тек ағзаның вакцинация немесе байланыста болу статусының көрсеткіші саналады. Ал көрсетілген нәтижелер вакцинациядан кейінгі антиденелерді инфекциядан кейінгі антиденелерден ажырата алмайды. Қазіргі уақытта қоғамда вирус жұқтырып, коронавирус симптомы білінбей, инфекциядан кейінгі антидене қалыптасқан адам көп. Сондықтан ИФТ деректері бойынша вакцинация нәтижесі мен оның тиімділігін бағалау дұрыс емес", - деді Закария.

Оның айтуынша, кейінгі жазбаларға сүйенсек, қытайлық вакцинаның тиімділігі 52 пайыздан аспайды, ал Pfizer вакцинасының тиімділігі 64 пайызға дейін төмендеді (бұл көрсеткішті нақтылау қажет), бірақ зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша бұл вакциналар иммуноген тұрғысынан 90-95 пайыздан асады деп бағаланған.

"Жарияланған нәтижелер сыналған вакциналардың тиімділігін көрсетпейді деп санаймыз. Сонымен қатар зерттеу вакцина салынған соң қанша уақыттан кейін өткені белгісіз.
Айта кетейін, 79 және одан жоғары пайызға бағалау - барлық вакцина үшін өте жақсы нәтиже, оның ішінде QazVac та бар", - деді Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ бас директоры.

Ол III фазаның клиникалық зерттеуінің нәтижесі QazVac вакцинасының COVID-19-ға қарсы жоғары әлеуетін растайтынын атап өтті.

"QazVac вакцинасынан кейін пайда болған антиденелер бейтараптандыру реакциясының деңгейі бойынша Hayat-Vax вакцинасына қарағанда едәуір жоғары және "Спутник V" вакцинасынан кейінгі антиденелер деңгейімен шамалас.
Бейтараптандыру реакциясының нәтижелері QazVac пен "Спутник V" вакцинасынан кейін пайда болған антиденелер вирустың ұлыбританиялық және үндістандық нұсқаларынан сенімді қорғайтынын көрсетеді, ал Hayat-Vax-тың бұл қабілеті төмен", - деді Закария.