Қай вакцинаның тиімділігі жоғары?

0
384

Зерттеуге қатысқан адамдар 6 түрлі екпе алған.


Қай вакцинаның тиімділігі жоғары?

ERNUR.KZ. «ОЛИМП» зертханасы коронавирусқа қарсы екпе алған науқастардың поствакциналық антиденелер талдауының нәтижесін жариялады, деп жазады inbusiness.kz.

Талдау 2021 жылғы 7 маусым – 4 тамыз аралығында елордадағы зертханада жүргізілген. Оған поствакциналық антиденелердің бар-жоғын тексеру үшін 962 адам талдау тапсырған. Олар 6 түрлі екпе алған.

«Спутник V» вакцинасын 866 адам, Hayat-Vax екпесін 58 адам, отандық QazVac вакцинасын 14 адам, CoronaVac екпесін 12 адам, Pfizer вакцинасын 9 адам, AstraZeneca екпесін 3 адам салдырған», - деп жазылған хабарламада.

Аталған зертхананың бас директоры Ерлан Сүлейменов талдаудың қорытындысы өзгеруі мүмкін екенін айтты.

«Зерттеу нәтижесі бойынша «Спутник V» салдырғандардың 97%, Hayat-Vax –90%, QazVac – 79%, CoronaVac – 92%, Pfizer және AstraZeneca – 100% поствакциналық антиденелер анықталды. Әзірше зерттеуден өткен пациенттердің саны онша көп емес. Сондықтан талдау тапсырғандардың қатары өскен сайын көрсеткіштер айтарлықтай өзгеруі мүмкін», - деді басшы.

Айта кетейік, поствакциналық антиденелерді тексеруге арналған талдауды вакцинаның екінші дозасын алғасын 3 аптадан соң тапсыру керек.