Қалаға ұлының оқуын төлеу үшін барған қарағандылық кісі қолынан қаза тапты

0
112

Нұргелді Наукеновтің өлімін жақындары әлдекімдер қасақана ұйымдастырды деп санайды.


Қалаға ұлының оқуын төлеу үшін барған қарағандылық кісі қолынан қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Ұлының оқуын төлеймін деп барып Қарағандыда ақшасы тоналып адам қолынан өлген 40 жастағы Нұргелді Наукеновтің өлімінен кейін полиция алты адамның біреуін ұстаған. Марқұмның туыстары ер адам ауыр жарақат алғаннан кейін жедел жәрдем шақырудың орнына полиция қызметкерлері оны 3 сағат бөлімшеде ұстаған деп отыр, деп жазады stan.kz.

Нұргелді Наукеновтің өлімін жақындары әлдекімдер қасақана ұйымдастырды деп санайды. Сондай-ақ жарақат алған адамды ауруханаға жеткізудің орнына бөлімшеде 3 сағат ұстаған полицейлердің жазаланғанын қалайды.

Туыстарының айтуынша, ол шотына шамамен 1 миллион теңге жинап қалаға ұлының оқуы мен пәтерін төлеуге кеткен. Содан қаладағы танысымен үй жалдап, кешқұрым автовокзал маңындағы дәмханаға барған. Кешкі аста оларға тағы бірнеше кісі қосылады. Кейін сол топтағы адамның бірі Нұргелдіні итеріп, ол жерге қарақұспен құлап есін жоғалтқан.

“Оң жақ аяғынан шалып, менің бауырымды бар күшімен итереді. Сосын итергендері бар, полиция қызметкерлері бар барлығы оны сүйреп, автовокзалдың екінші жағына алып кетеді. Бұлар бауырымнан құтылғанша асығады. Таксиге салып жіберген”, – дейді Нұргелдінің әпкесі Айгүл Наукенова.

Оның сөзінше, ессіз жатқан Нұргелдіні таксиге бірге отырған танысы жалдаған пәтерінің алдына тастап кеткен. Кейін ол аяққа тұрып үйін іздепті. Сол сәтте көршілері шағымданып, полиция шақырып марқұмды басқа полиция қызметкерлері бөлімшеге апарған. Жақындарының айтуынша, тәртіп сақшылары жарақат алған адамды 3 сағат ұстап, медициналық көмек бермеген. Кейін 16 жастағы ұлын шақырып, ілестіріп жіберіпті.

“Баласын танымай тұрса да баласының қолынан ұстатып жібереді. Ол баласы студенттермен пәтер жалдап тұрғандықтан әкесіне қонақүй жалдайды. Тек “Мен жатайыншы” деп айта берген соң, сол қонақүйге жатқызып кетеді. Сол жерде бауырым қиналып қайтыс болған. Оның фото мен видеосы да бар”, – дейді марқұмның әпкесі.