Қаңтар айындағы ҰБТ-ның үш аптасында 126 мыңға жуық адам тест тапсырды. Толық нәтижесін Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы жариялады.
ERNUR.KZ. Талапкерлердің 72%-ға жуығы шекті балды жинады, деп жазады kaz.inform.kz.
Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл - 67. Ең жоғары балды (138 балл) Шымкент қаласының оқушысы жинады және 150 талапкер 130 балдан жоғары балл жинады.
Тестке қатысушылардың 78,7%-ы қазақ тілінде, 21,2%-ы орыс тілінде, 62 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Талапкерлердің басым бөлігі, 17,8%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 17,2%-ы «Математика-Физика» және 10,4%-ы «Математика-Информатика» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 149 талапкер таңдаған.
Қаңтардағы ҰБТ-ға ерекше қажеттілігі бар 295 талапкер қатысқан.
“ Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады, бұл жағдайда сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді. Қазіргі кезде 142 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 89 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 53 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ,” - дейді ұлттық орталықтан.
Сондай-ақ 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, яғни 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізілетіні ескерілді. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.