Жарақат алған оқушылар медициналық мекемеге жеткізілді.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында жол жиегінде велосипедпен келе жатқан 11 және 13 жастағы мектеп оқушыларын қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан жүргізуші ұсталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұқар жырау ауданы Ғ.Мұстафин атындағы ауылдың полиция бөліміне елді мекендердің бірінде жол-көлік оқиғасы орын алып, оның барысында балалар зардап шеккені туралы хабарлама келіп түсті.
«Көлік жүргізушісі жылдамдықты азайтпай, керісінше газды басып, велосипедшілерді қағып кеткен. Сонымен бірге ол зардап шеккен балаларға көмектеспен оқиға орнынан ізін суытқан. Әртүрлі дене жарақатын алған оқушылар медициналық мекемеге жеткізілді», - деп көрсетті Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Оқиға орнынан полицейлер көлік жүргізуші көлігінің фарасындағы әйнек сынықтарын тапты. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті ретінде Қарағанды қаласының 38 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол болған жағдайды мойындады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» және ҚР ҚК-нің 347-бабы «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.