Қарағанды облысында жол апатына ұшырап, суға батқан көліктегі екі адам көз жұмды

0
744

«Ауди 80» автокөлігінің 56 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік жол шетіне шығып кетіп, суға батқан.


Қарағанды облысында жол апатына ұшырап, суға батқан көліктегі екі адам көз жұмды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында жеңіл автокөлік жол шетіне ұшып кетіп, арыққа батып кетті. Салдарынан екі адам қаза тапты, деп жазады ҚазАқпарат.

Оқиға 9 шілде күні сағат 18.15 шамасында «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының 34-ші шақырымында болған.

Белгілі болғандай, «Ауди 80» автокөлігінің 56 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік жол шетіне шығып кетіп, суға батқан.

«Жол апаты салдарынан 70 және 56 жастағы жолаушылар оқиға орнында көз жұмды. Көлік жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді. Факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Айта кету керек, өтіп бара жатқан жүргізушілер жолаушыларды құтқаруға тырысқан.

Арқанның көмегімен бірнеше адам көлікті судан шығаруға әрекет еткен. Алайда екі жолаушыны құтқару мүмкін болмады.