Іс Қазыбек би аудандық сотында қаралды.
Фото: static.kz
ERNUR.KZ. Сот азаматтың өз бейнесіне құқығын қорғап, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабына сүйенген, деп жазады inbusiness.kz.
Сот мәліметінше, 2026 жылғы 20 ақпанда талапкер Instagram әлеуметтік желісінен өзінің бейнесі жарияланған жазбаны байқаған. Жарияланымда оның суреті мәтінмен бірге орналастырылған.
Осыдан кейін әйел жауапкерге жарияланымды өшіруді және моральдық зиян үшін 250 мың теңге өтемақы төлеуді сұраған. Алайда талап орындалмаған соң, ол сотқа жүгінген.
Талапкер соттан суретті әлеуметтік желіден алып тастауды, оны әрі қарай пайдалануға тыйым салуды және моральдық зиянды өтеуді сұраған.
Жауапкер талап арызды мойындамаған. Оның айтуынша, талап алғаннан кейін жарияланым 2026 жылғы 30 наурызда өшірілген. Сот шешімімен Қарағандыда тұрғынның суретін оның келісімінсіз әлеуметтік желіде жариялаған жауапкерден 100 мың теңге өндірілді.
Сот адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға заңда көзделген жекелеген жағдайларда ғана жол берілетінін атап өтті. Бұл ретте даулы фотосуреттің жауапкердің ашық парақшасында талапкердің келісімінсіз ұзақ уақыт болғаны анықталған.
Сондай-ақ әйелдің суретін әрі қарай пайдалануға тыйым салынды.


