Қарағандыда «Қазақ асүйінің бірегей тағамдары» атты гастрофестиваль өтті

0
1 312

Қазақтың асханасы сан қырлы және ол бірегейлігімен таңдай қақтырады.


Қарағандыда «Қазақ асүйінің бірегей тағамдары» атты гастрофестиваль өтті

ERNUR.KZ. Кеншілер астанасында Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақ асүйінің бірегей тағамдары» атты республикалық гастрофестивальдің аймақтық кезеңі мен байқауы өтті, деп жазады egemen.kz.

Біз ұлттық ас дегенде ауызға ет, қуырдақ, құрт, қымыз және тағы бірді-екілі атауларды ғана аламыз да, сонымен шектеліп қаламыз. Ал шын мәнісінде, қазақтың асханасы сан қырлы және ол бірегейлігімен таңдай қақтырады. Мысалы, «Халық қазынасы» ҒЗИ материалдық емес мәдени мұра бөлімінің жетекшісі, этнограф Әйгерім Мұсағажинованың айтуынша, бүгінгі күнде қазақтың 200-ге тарта тағамының әзірлену құпиялары қалпына келтірілген екен.

Шара барысында қонақтарға дәстүрлі ет, сүт тағамдары, ұн өнімдері мен сусындарды әзірлеу және олардың биологиялық құндылығының технологиясы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ ұмытылған рецептер бойынша әзірленген тағамдар фестиваль қатысшыларының зор қызығушылығын тудырды.

Байқау үміткерлерінің жұмыстарына Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және қоғам қайраткерлері баға берді. Олардың шешімімен Бақытты Қанапинова, Гүлмира Кәрібаева және Гүлжан Үзденбаева аталған фестивальдің жеңімпаздары болып танылды. Бұл үштік енді Нұр-Сұлтан қаласында өтетін қорытынды кезеңде бақ сынайтын болды.

– Қазақстанда гастрономиялық туризмді батыл түрде дамытуға болады. Ұлттық тағамдар туралы сөз болғанда, олардың адамды баурап алатын үш негізгі сапасы – дәмі, иісі және түсі жөнінде мақтанышпен айтуға болады. Ал ет, сүт және астық дәні жарасымды үйлесім тапқан тағамдардан дәм татқан шетелдік азаматтардың біздің елге қайта келгісі келіп тұрарына сенім мол. Біздің ұлттық асүй бабалардан қалған асыл мұра және ол істің қиюын тапса, ел қазынасына орасан зор табыс әкелетін сала, – дейді ұйымдастырушылар.