Қонақтар мейрамханадан итеріп шығырылған.
ERNUR.KZ. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болған төбелестің неден болғанын айтып берді, деп жазады baq.kz.
Алдымен ол 2018 жылдың 31-желтоқсанынан 2019 жылдың 1 қаңтарға қараған түні шамамен таңғы 04:30-да «Древний Рим» мейрамханасының аумағында төбелес болғанын жеткізді.
«Жедел тергеу шаралары барысында жаппай төбелеске қатысқан 14 адам анықталды. Олардың және 9 адам (мейрамхана қызметкерлері) бар. Егер суреттерден байқасаңыз, мейрамхананың аумағы үлкен. Сол күні көңіл көтеру орталығында 400-ге жуық адам болған. Олар түнгі үш шамасында мейрамхананы жабатынын айтқан. Таңғы 4 кезінде қонақтарға мейрамхананың жабылатыны туралы ескертілген. Бұл төбелестің басталуына себеп болған. Ерегестің жанжалдың соңы төбелеске айналған», - деді Жанат Сүлейменов ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, ерегістен соң қонақтар мейрамханадан итеріп шығырылған. Кейін қонақтар тарапынан мейрамхана жаққа 10 шақты адам келген.
«Олар мейрамханаға баса-көктеп кірмекші болып, әр түрлі сөздер айтқан. Осы сәтте мейрамхана иелері мен қызметкерлер тарапынан шара қолданылған. Салдарынан төбелес шыққан», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар төбелес салдарынан 23 жастағы жігіт қаза тапқанын, 8 адам ұсталғанын және қамауға алынғанын, әрі күдіктілердің бірі Гуруян есімді азаматқа қатысты іздеу жарияланғанын атап өтті.
Еске салайық, осыған дейін Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында 1-қаңтарда төбелестен ер адамның қаза тапқаны туралы хабар тараған. Өңірдегі полиция өкілдерінің мәліметінше, 1-қаңтарда қаладағы мейрамханалардың бірінде зорлық белгілері бар 23 жастағы жігіттің денесі табылған. Осы уақытта әр түрлі дене жарақатын алған үш жігіт (24-27 жас аралығындағы жігіттер) медициналық мекеменің көмегіне жүгінген.
Осыған дейін Қарағандыда болған төбелестен жас жігіттің қайтыс болғанын, осыған қатысты Армения үкімет басшысының пікірін, іздеуде жүрген күдіктінің Ресейде жасырынуы мүмкін екенін жариялаған болатынбыз.