Қаржы министрлігі жаңа цифрлық жобаны іске қосты

0
1 039

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі салық саласына қатысты жаңа цифрлық жобаны қолға алды. Енді қазақстандық салық төлеушілер салық төлемдері туралы хабарламаны SMS арқылы ала алады.


Қаржы министрлігі жаңа цифрлық жобаны іске қосты

ERNUR.KZ. Жобаның басты мақсаты – мүлікке, жерге, көлікке салынатын салықтар жөніндегі хабарламаларды уақытылы жеткізіп, салық төлеушілердің ақпараттық қолжетімділігін арттыру. Мұндай бастама қағаз хабарламаларды жойып, салық төлеу тиімділігін оңтайландырады, деп жазады Skifnews.kz.

Министрліктің мәлімдеуінше, хабарлама алу үшін телефон нөмірін mgov мобильдік қосымшасы арқылы немесе egov.kz порталы арқылы мобильдік азаматтар базасына тіркеу қажет. Ал мобильдік азаматтар базасындағы тіркеу туралы ақпаратты Электронды үкімет порталының «Сервистер» бөлімінен тексеруге болады.

Ведомства өкілдерінің айтуынша, қағаз түріндегі хабарламаларды қолданыстан алу – адресаттың нақтылығына көз жеткізіп, салық жинау тиімділігінің артуына жол ашады. Қаржы министрлігі қағаз шығындардың алдын алу үшін Эстония елінің тәжірибесіне сүйеніп, қағаз хабарламаларды алып тастау және тек қана сандық форматта ұсыну туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп отыр.

Қазақстандықтар 2019 жылдың 1 қазанына дейін төленуі тиіс салық сомасы туралы хабарламаларды поштамен және коммуналдық шаруашылық жеткізушілерінің курьерлік қызметі арқылы да ала алады. Сондай-ақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеуші кабинеті» пайдаланушыларына электронды форматта хабарламалар жіберіледі.

Салық төлемдерінің есебі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің және ҚР Әділет министрлігінің мемлекеттік ақпараттық жүйесі деректеріне негізделген.

Жалпы жеке тұлғалар салықты кез келген жолмен төлей алады. Мысалы қолма-қол ақшамен, екінші деңгейдегі банк бөлімшелерінде немесе терминалдар, банк карталары арқылы және электрондық қызметтерді пайдалана отырып төлеуге мүмкіндік бар. Анықтама алу үшін бірыңғай байланыс орталығының 1414 телефон нөміріне жүгіне алады.

Айта кетсек, осыған дейін ҚР Қаржы министрлігі еліміздегі ірі банктердің бірі «Kaspi Bank» АҚ-мен бірлесе отырып, салықты мобильді қосымша арқылы төлеу қызметін іске қосқан болатын. Министрлік «Салықтық әкімшіліктендіру жүйесін реформалау» жобасы аясында «Біріктірілген деректер базасы» ақпараттық жүйесінің «Жергілікті салықтар» қосалқы жүйесін дайындады.