Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды - Президент

0
378

Президент кейінгі 10 жылда осы саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2 есе өсіп, 34 процентке жеткенін атап өтті.


Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезіне орай бизнес өкілдеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысының құттықтауын съезде Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев оқып берді.

«Құрметті съезге қатысушылар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезінің ашылуымен құттықтаймын. Отандық бизнес еліміздің экономикасын өркендетуге айрықша ықпал етеді. Біз нарықтық экономика құрып жатырмыз. Сол себепті, өнеркәсіп саласында, экономикада өзгерістер жасау және елімізді дамыту жолында жауапты әрі мықты кәсіпкерлер қауымы басты рөл атқарады. Қазақстанда шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән беріледі», - делінген Президенттің құттықтауында.

Президент кейінгі 10 жылда осы саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2 есе өсіп, 34 процентке жеткенін атап өтеді. Бүгінде бизнесте 3,5 млн астам адам еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлттық палатаның алдында нарыққа сапалы сараптама жасау үдерісіне қатысу үшін жаңа тәсілдер әзірлеу міндеті тұрғанын айтады.

«Осы уақыт ішінде ҰКП мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды. «Атамекеннің» микро және шағын бизнесті қолдаудағы, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуда басымдық бере отырып, жасап жатқан ауқымды өзгерістері еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерге толық сай келеді. Сіздердің алдарыңызда мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылдап, жүзеге асыру, нарыққа сапалы сараптама жасау үдерісіне қатысу үшін жаңа тәсілдер әзірлеу міндеті тұр», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, «кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің бәсекелік қабілетін арттыруға, қызметін жауапкершілікпен атқаруға ынталандыруға және жұмыс орындарын ашуға атсалыса отырып, билік пен іскер азаматтарды байланыстыратын тиімді арнаға айналуы тиіс. «Атамекен» тауар өткізу нарығын кеңейтуге рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге, мемлекеттік сатып алу жұмысының қолжетімді болуына және сыбайлас жемқорлық қаперін азайтуға барынша септігін тигізуі керек».

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев палата отандық кәсіпкерлерліктің бетке ұстар өкілдері мен шағын және орта бизнес субъектілері арасында өзара тиімді ықпалдастық орнатып, үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді. Микро және шағын бизнес өкілдерін тексеруге жарияланған мараторий тағы бір жылға ұзартылғанын да атап өтті.

«Мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына барынша жағдай жасап, кез келген заңды кәсіпкерлік қызметке қолдау көрсетеді, оны қорғайды. Елімізде адал бәсеке, әлеуметтік жауапкершілік, жасампаз еңбек құндылықтарын басшылыққа алатын кәсіпкерлердің жаңа қауымы қалыптасуы өте маңызды. Қазақстанда бизнесті өңірлік қана емес, жаһандық деңгейде өркендетуге мол мүмкіндік бар. Мемлекет палатамен бірлесіп, ұлттық экономиканы монополиядан арылту, нарықтарды игеру, барлығына түсінікті әділ ойын ережесін қалыптастыру үшін жүйелі жұмысты жалғастырады», - делінген құттықтауда.

Президент кәсіпкерлерді құттықтауын қорыта келе, «мемлекет пен бизнестің бірлесіп жұмыс істеуі елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады» деп сенім білдірді.