Каспийдегі қайғылы оқиға ісі: тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармады

0
132

​Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты іс бойынша ұсталды.


Каспийдегі қайғылы оқиға ісі: тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармады

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында бір топ әскери қызметшінің қаза болуына қатысты іс бойынша тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп жазады tengrinews.kz.

"Іске қатысы бар басқа да тұлғалардың шеңберін анықтап, оларды ұстау мақсатында тергеу жалғасып жатыр", - деп хабарлады ІІМ.

Бұған дейін ІІМ Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталғанын хабарлады. Олардың қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері бар. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ІІМ мәліметінше, тергеу қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша жүргізіліп жатыр. Барлық күдікті тұлғалардың әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы ІІМ мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Каспийдегі қайғылы оқиға

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.

Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.

Бұған дейін 12 адам қаза тапқаны хабарланды, үш адам құтқарылды. Құтқарылғандардың біреуі ауруханада жатыр.

Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.

Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бүгін, 25 қыркүйекте оқу-жаттығу кезінде кеше Каспий теңізінде суға ағып кеткен тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті

Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінде іздестіру операциясы аяқталғанын хабарлады.