Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы туралы заңға қол қойды

0
878

Енді Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына қатысты бастамалар Елбасымен келісілмейді.


Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы туралы заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық етуін тоқтату туралы конституциялық заңдарға енгізілген түзетулерге қол қойды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда сайтына сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды", - делінген жарлықта.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігінің күшін жоюға қатысты түзетулерді қолдаған болатын. Бұл норма "Тұңғыш Президент - Елбасы туралы" Конституциялық заңда жазылған.

Сондай-ақ, заң жобасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық етуінің күшін жоятын түзетулер бар екені айтылған еді.