Мемлекет басшысы Дариға Назарбаеваның Сенат Төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған өз ризашылығын білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде жоғары палата қоғамдағы өзекті әрі елді алаңдатқан мәселелерді көтеретінін атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
"Бүкіл еліміздің алдында тұрған міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтары арасындағы үйлесім қажет. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше. Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау. Мұндай заңдар реформаларға жол ашады, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Дариға Назарбаеваның Сенат Төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған өз ризашылығын білдірді.
"Өздеріңізге мәлім, менің Жарлығыммен Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Ол Сенат төрағасы ретінде бір жылдан астам белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Сол үшін Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдірдім", – деді Президент.
Бүгінгідей күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін Сенат депутаттарын жұмыла жұмыс істеуге шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.
"Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ", – деді Мемлекет басшысы.
Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды.
Мемлекет басшысының ҚР Парламенті Сенатында сөйлеген сөзінің толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады.