Құстың сирағынан қара пластик сақина мен алты таңбалы нөмір, смартфонмен табуға болатын голограмманың бары анықталған.
ERNUR.KZ. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Шығыс Қазақстанда «қытай иероглифі бар» көгершіндерге қатысты хабарлама таратты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Өткен жылдың қазан-қараша айларында Катонқарай ауданында құйрығы мен қанатында иероглиф жазылған көк кептерлер кездесіп, жергілікті халықтың мазасын қашырған еді. Ақсудан Өрелге дейін кездескен көгершіндерге кейбіреулері мән бермесе, кейбір адамдар сондағы Ұлттық паркке жүгінген болатын. Ғылыми қызметкерлер халықты тыныштандырып, жағдайды түсіндірмек болды. Себебі, біз үшін бұл алып бара жатқан жаңалық емес», - деп жазады Сәкен Ділдахмет әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның жазуынша, осыдан 4 жыл бұрын Бекалка ауылының маңында өлі кептер табылған. Құстың сирағынан қара пластик сақина мен алты таңбалы нөмір, смартфонмен табуға болатын голограмманың бары анықталған. Оның да қанатында иероглифтер жазылған. Сол жылы Аққайнар мен Жазабы ауылында да осындай көгершіндер кездесіпті.
«Бір қызығы, көгершіндер аулалардағы тауықтарға жем беретін орындарға үнемі ұшып келіп жүрген. Олар адамдардан мүлде қорықпайтын. Біз қытайлық көгершіндерді зерттей бастаған кезде олардың шынымен де маңызды ақпараттың тасымалдаушысы екенін анықтадық. Бірақ олар құпия ақпаратты емес, спорттық сипаттағы жазба. Кейін білгеніміздей, өткен ғасырдың 90-шы жылдары көгершін спорты мен көгершін тотализаторы бизнесі қатты дамып, бұл кәсіп айтарлықтай табыс көзіне айналған. Сондай бизнес дамыған елдің бірі - көршіміз Қытай. Ауқымы жағынан көгершін бизнесі ат жарыстарынан түсетін табыс пен ақшалай ұтыстардан да асып түскен», - дейді ол.
Осылайша, тоқсаныншы жылдары Қытайда көгершін бизнесі қатты дамып, құс өсірушілер жарысқа бейім кептерлерді жаппай өсіре бастайды. 1984 жылы Қытайда көгершіндер жарысы қауымдастығы құрылса, 1990 жылдан кейін онда кептерлер сайысы өткізіле бастаған. Ал 2000 жылдан бастап Бейжіңде және басқа да ірі қалаларда жоғары жүлде қоры бар «Жарыс көгершіндері клубы» іске қосылады. Бүгін де Қытайда ондаған мың көгершін өсіретін орталықтар жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Көгершіндер жарысы көгершіндерді ұстауға және жарыстар өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар өндірісін ынталандырған. Артынша көгершіндерді жеке таңбалауға арналған сақиналар, микрочиптер, сканерлер, көгершіндерге электронды сканерленген сағаттар және құстардың нақты орналасқан жерін ғарыш арқылы анықтайтын және интернет арқылы тікелей таратуды жүзеге асыратын миниатюралық навигаторлар (GPS) шығарыла бастаған.
"Көгершіннің спорт тұқымдарын өсіруді арнайы тәлімбақ - көгершін фермалары жүргізеді. Олардың бірі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығы - Үрімжі қаласында орналасқан. Осылайша, сондағы көгершіндер туған мекенінен 700 шақырым жердегі - Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарына дейін ұшып келе бастаған. Құстар осы бағытта мамандандырылған компаниялар ұйымдастырған лотереяларға қатысады. Ол ойындардың бірі - «Миллионға жүгір» деп аталады», - дейді Сәкен Ділдахмет.
Комитет өкілі Катонқарағайда ұшып жүрген «иероглифті» сол көгершіндердің Қытайдан жеткенін айтады.