Смартфон, планшет пен теледидар бала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
фото: YouTube
Бүгінгі таңда балалардың дүниетанымын экран да қалыптастырып жатыр. Мұны мойындау керек. Смартфон, планшет пен теледидар бала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Осы кезеңде сапалы әрі ұлттық құндылықтарға негізделген балалар контентін дайындау, осы салаға күш салу мемлекеттік мәселе болып саналады. Сәйкесінше, отандық балалар контенді соңғы жылдары дамып келе жатыр. Мәселен, балалар назарына арналған ең басты алаң «Balapan» телеарнасы 15 жыл ішінде 3000-ға жуық сериядан тұратын 160 анимациялық сериал, 8000-ға жуық шығарылымнан тұратын 434 телебағдарлама, 400-ден аса сериядан тұратын 28 телехикаяны әзірлеп, жас көрерменге ұсынған. Телеарнаның YouTube желісіндегі аудиториясы күн сайын көбейіп келеді. Демек, қазақ тіліндегі балалар контентіне деген сұраныс уақыт өткен сайын жоғарылап жатыр деп айтуға болады.
Мемлекет тарапынан да балалар контентін дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, Қазақстанның тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, қазақ тіліндегі анимациялық өнім көлемі кезең-кезеңімен ұлғайып жатыр. Мәселен, 2023 жылы шамамен 700 минут жаңа анимациялық өнім әзірленсе, биыл бұл көлем 1600 минутқа жеткізілмек. Ал 2029 жылға қарай 2500 минутқа дейін ұлғайтылатын болады. Яғни қазақ тіліндегі мультфильмдер өндірісі бірнеше есе артады. Одан бөлек, дубляждау саласы да қарқынды дамып жатыр.
Себебі, қазақстандық YouTube платформасындағы балаларға арналған бейнеөнімдердің 3 пайызы ғана қазақ тілінде әзірленген екен. Ал орыс тіліндегі контенттің үлесі шамамен 75 пайызды құрайды. Бұл деректен көпшілік күнделікті көретін желіде мемлекеттік тілде дайындалған өнім салыстырмалы түрде өте аз екенін анық аңғаруға болады. Сондықтан да ел Үкіметі қазақ тіліндегі балалар контентін шектемей, жыл сайын ұлғайта беруді жоспарлап отыр.
Өйткені, балалар контенті дегеніміз елдің ертеңіне өте қатты әсер ететін саланың бірі. Бұл бағыттағы әрбір жаңа контент, әрбір танымдық бағдарлама мен кітап – еліміздің рухани-мәдени қауіпсіздігіне қосылған қомақты үлес, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, одан әрі жаңғырту жолындағы күш.
Б.Мейірханұлы,


