​Қазақстан аумағынан 8 халықаралық көлік дәлізі өтеді

0
104

Бұл Қазақстанды «Бір белдеу – бір жол» бастамасының орталық хабына және Қытай, Еуропалық одақ және Орталық Азия үшін маңызды көлік серіктесіне айналдырады.


​Қазақстан аумағынан 8 халықаралық көлік дәлізі өтеді

Фото: ҚТЖ

ERNUR.KZ. Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси және геоэкономикалық көпір болып, көлік пен энергетика саласындағы жаңа дәліздердің негізгі торабына айналды. Бұл пікірді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров KGIR-2025 жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелде айтты, деп жазады inform.kz.

– Кейінгі онжылдықтар ішінде Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Нәтижесінде еліміздің көлік жүйесі 21 мың шақырым теміржолды, 95 мың шақырым автожолды және Каспий теңізіндегі екі порт – Ақтау мен Құрықты қамтиды, - деді Ә. Қуантыров өз баяндамасында.

Бүгінде еліміздің аумағы арқылы 8 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл Қазақстанды «Бір белдеу – бір жол» бастамасының орталық хабына және Қытай, Еуропалық одақ және Орталық Азия үшін маңызды көлік серіктесіне айналдырады.
– Әсіресе ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт – Орта дәліз. Ол Қытай мен Қазақстанды Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия және Түркиямен байланыстырады. Қазір бұл бағытқа Армения да өз сауда жолдары арқылы қосылып отыр. Былтыр осы дәліз арқылы транзит көлемі 60%-ға өсіп, 4-5 миллион тонна жүкке жетті. Бұл тек көлік дәлізі ғана емес, экономикалық тұрақтылықтың, әртараптанудың және жеткізу тізбектерінің сенімді балама жолының айғағы. Сонымен бірге, ол Шығыс пен Батысты байланыстыратын стратегиялық көпір қызметін атқарады, - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Спикердің айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті де зор. Елде 213 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері бар, оның 178 миллион гектары – жайылым. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алтыншы орында және Орталық Азиядағы ең ірі астық өндіруші ел болып саналады.
– Біз тек шикізатты ғана емес, қосылған құны жоғары өнімді де экспорттаймыз. Алдағы жылдары суару жүйелерін кеңейту арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігін екі есе арттыруды және өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Заманауи, тиімді және орнықты көлік желісі жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, агроөнеркәсіп кешендеріне инвестиция тартады және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосады, - деп толықтырды ол.