Қазақстан құрамасы Францияда өткен IPhO-2025 физика олимпиадасында бес медаль жеңіп алды

0
154

Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастыруда.


Қазақстан құрамасы Францияда өткен IPhO-2025 физика олимпиадасында бес медаль жеңіп алды

ERNUR.KZ. Францияның Палезо қаласында өткен Физикадан халықаралық олимпиадада (International Physics Olympiad, IPhO-2025) ұлттық құрама бес медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Биылғы олимпиадаға 90 елден 400-ден астам дарынды оқушы қатысты. Қазақстан бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, екі күміс және үш қола медаль иеленді.

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Бекасыл Елубай күміс медаль иеленді. Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Әмір Пшенбаев, Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова, Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Артур Ким қола жүлдеге қол жеткізді.

Команданың ғылыми жетекшілері — PhD докторы, Сулейман Демирель университетінің ассистент-профессоры Самат Мақсұтов және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев.

Анықтама үшін: Физикадан халықаралық олимпиада 1967 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі саналады (International Science Olympiads). Қазақстан IPhO олимпиадасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама ондаған медаль жеңіп алып, дайындығы мен ғылыми әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп жүр.