Қазақстан алмастыруға болатын бірқатар өнім түрлері бойынша экспорт көлемін ұлғайту мүмкіндігіне ие.
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform
ERNUR.KZ. Әлемдік саудадағы өзгерістер Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.
– Шынында да, жағдай өзгеріп жатыр. Біз бұл ұзақ мерзімді үрдіс екенін айттық, сауда кеңістіктері қалыптасып, белгілі бір протекционизм болады. Бүгінде біз агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өңдеу экспорты бойынша жақсы көрсеткіштерге ие болып отырмыз. Қазір агроөнімдер экспортының өсу драйверіне айналды, – деді Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, Қазақстан алмастыруға болатын бірқатар өнім түрлері бойынша экспорт көлемін ұлғайту мүмкіндігіне ие. Атап айтқанда, Қытай нарығына жемдік ұн, сұлы, зығыр сияқты өнімдерді жеткізу көлемін арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Министр Қазақстанның негізгі экспорттық бағыттары ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай және Еуропалық одақ екенін атап өтті. Бұл нарықтарға Қазақстан экспортының шамамен 80%-ы тиесілі.
– Біз қазір Жаһандық Оңтүстікке қатысты бағыттарға да үлкен назар аударып отырмыз. Маршруттар өзгеріп жатыр. Қазақстан дәстүрлі жеткізу бағыттарын сенімді түрде арттырып келеді. Екінші мәселе өңделген өнімдердің түрлері мен ассортиментін барынша кеңейтуіміз керек. Бұл жыл сайын жүзеге асатын процесс, – деді министр.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, инвестициялық ахуалдың жақсаруы, жоғары рейтингтер және жаңа кәсіпорындардың көбеюі Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
– Мен сіздерге айтайын, Қазақстан құрлықтағы Сингапур болады. Бұл жай ғана сөз емес, бұл – біздің жақын болашағымыз, – деді Арман Шаққалиев.


