Қазақстан құрылыс материалдарының бағасы 200-300 пайызға өсті

0
1 018

Үйлеріне жөндеу жүргізіп жатқан халық қажет болған соң амалсыздан қымбатшылыққа көніп отырмыз дейді.


Қазақстан құрылыс материалдарының бағасы 200-300 пайызға өсті

Елде құрылыс материалдары күн сайын қымбаттап барады. Әсіресе, үй тұрғызуға қажетті арматура мен цемент былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 200-300 пайызға өскен. Көршілес елден келетін материалдарды айтпағанда, елімізде шығарылатын құрылыс заттары да 2-3 есеге көтерілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Қарағандыда құрылыс материалдардың бағасы биылдың өзінде 2-3 есе қымбаттаған. Мысалы, ең жіңішке арматураның құны былтыр 320 болса, қазір 1200 теңгеден сатылып жатыр. Цементтің 40 келілік қабы 1500 теңгеден тұр. Сатушылар бағаның өсуін тауарды жеткізушілерден көреді. Ал үйлеріне жөндеу жүргізіп жатқан халық қажет болған соң амалсыздан қымбатшылыққа көніп отырмыз дейді.

“Былтырғы бағамен салыстырғанда биыл өте қымбатшылық жүріп жатыр. Екі есе баға қосылып жатыр. Мысалы 1 метр трубаның өзі 3 мың теңге. Не істейміз керек болған соң сатып аламыз”, – дейді тұрғын Серікгүл Қанжарова.

“Бояудың бағасына кешегіден бүгін 100 теңгеге қосылды. Бүгін 100 теңге қосылып кетіпті. 1600 ғой, қазір 1700-ден алып тұрмын”, – деді тұрғын Советхан Шекербек.

Ал еліміздің солтүстігіндегі құрылыс материалдарын сататын орындарда темір мен арматураның бағасы жарты жылдың ішінде ғана үш есеге яғни, үш жүз процентке қымбаттаған. Сәйкесінше, темірден жасалынған бұйымдардың да бағасы өскен. Мәселен екі ай бұрын ғана 250 теңге тұрған шегенің бір келісі қазір 750 теңге. Бояу мен цементтің бағасы елу пайызға, бөлмеаралық есіктер жиырма пайызға өскен. Сатушылардың сөзінше, құрылыс материалдарын шикізат күйінде Ресей мен Қытайға әкетіп жатқандықтан қымбаттаған екен.

“Бүкіл материалдарды өндірушілер шикізат күйінде Ресей мен Қытайға апарып сатады. Өйткені онда бұдан да қымбатқа сата алады. Сол себепті бізге жетпей жатыр. Тапшы болған соң, сұраныс көбейген соң баға да қымбаттап барады. Бұны ешкім қадағаламай отыр”, – деді сатушы Михаил Нұрахметов.

Құрылыс заттарының қымбаттауы дәл осы қарқынынан қайтпаса Қызылордадағы кейбір ірі құрылыс компаниялары жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр боламыз деп отыр. Өйткені небәрі соңғы екі айдың өзінде құрылысқа қажетті материалдардың бағасы бірден 200-300 пайызға дейін өсіп кеткен. Ресейден әкелінетін тауарлардың бағасын айтпағанның өзінде, өз елімізде шығарылатын құрылыс заттары да аспандап тұр, дейді кәсіпкерлер. Билік тарапынан бұған бірде-бір бақылау болмай отыр деп ашынады. Егер қарқыны қатты қымбатшылық бұдан әрі жалғаса берсе, құрылыс нысандарында жұмыс тоқтап, ірі компаниялар жабылып, жүздеген адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

“Жұмысын тоқтату мүмкін 100 пайыз. Бізде 3 жылдық деген жоба бар ғой. 18-жылы шығарылған жобаны 20-шы жылы шығарады тендерге. Екі баға екі түрлі. Енді 21-жылы вообще баға ұшып кетті. Оның ертең деңгейіне жеткенде ақша жетпей бәрі тоқтайды”, – деді "Промстрой сервис Е" ЖШС директоры Манарбек Еспенбетов.

Ақтөбеде де әсіресе цемент, темір, ағаш материалдарының бағасы былтырғы маусыммен салыстырғанда жүз пайызға өскен. Мысалы, цементтің бір тоннасына биыл алты мың теңге қосылыпты. Ал базарлар мен дүкендердегі құрылыс тауарларының бағасын бақылап, ай сайын мониторинг жүргізіп отырмыз деген әкімдіктегілердің сырттан келетін тауарлардың құнын тұрақтандыруға құзырлары жетпейді екен. Себебі Ақтөбеге келетін құрылыс материалдарының басым бөлігі шет елден тасымалданады. Сондықтан қымбатшылықпен қатар тапшылық та бар.

“Ресей мемлекетінен, Қытай мемлекетінен келетін құрылыс материалдары қымбаттау үстінде. Біз өндіруші мекемелерге шыққан едік, олардың айтуы бойынша қазір шикізат мәселесі өте қиын және дүниежүзілік пандемияға байланысты кейбір жұмысшылардың саны аз, өндіріс көлесі көп. Сол себепті сұраныс көп болған сайын баға солай қымбаттап тұр”, - дейді Ақтөбе облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы өндірістік бөлімінің басшысы Бектенбек Иманғазин.