Қазақстан мектептерінде балаларды медициналық тексеру жүйесі өзгереді

0
105

​Медициналық тексеру нәтижелері ақпараттық жүйелерде тіркеліп, оқушылардың денсаулығындағы қауіптерді ерте анықтауға басымдық беріледі.


Қазақстан мектептерінде балаларды медициналық тексеру жүйесі өзгереді

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда мектеп оқушыларын медициналық тексеруден өткізу нәтижелері енді ақпараттық жүйелерге енгізіледі. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) мамандарына денсаулыққа төнуі мүмкін қауіптерді ертерек байқап, қажетті тексерулерді дер кезінде тағайындауға мүмкіндік береді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жаңа тәртіп туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Егер медициналық тексеру кезінде оқушының денсаулығына қатысты белгілі бір қауіп факторлары немесе көрсеткіштеріндегі өзгерістер анықталса, бұл мәліметтер әрі қарай бақылау жүргізу немесе медициналық көмек көрсету үшін тиісті мамандарға беріледі.

«Жаңа модельде профилактикалық бағытқа басымдық беріледі. Негізгі міндет – денсаулықтағы ықтимал ауытқулар мен қауіп факторларын ерте кезеңде анықтау. Өйткені профилактикалық шараларды дер кезінде қабылдау дәл осы кезеңде барынша тиімді нәтиже береді», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Мектеп медицина қызметкерлері әдеттегі медициналық тексерулермен ғана шектелмейді. Оларға аурулардың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салауатты өмір салтын насихаттау және МСАК ұйымдарымен бірлескен жұмысты үйлестіру міндеттері де жүктеледі.

«Саламатты мектеп»

Сонымен қатар ведомство балалардың салауатты өмір салтын ұстану дағдыларын қалыптастыруға және профилактика мәдениетін дамытуға арналған «Саламатты мектеп» арнайы жобасын әзірледі.

«Жаңа модель мектеп медицинасын заманауи, цифрлық әрі профилактикаға бағытталған жүйеге айналдыруды көздейді. Соның арқасында баланың денсаулығын белгілі бір сәтте ғана бағалап қоймай, оның жағдайындағы өзгерістерді уақыт өте келе бақылауға мүмкіндік туады», – деп қорытындылады министрлік.