Аталған жоба күн, жел және газ энергиясын біріктіріп, заманауи энергетикалық шешімдерді енгізуді көздейді.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Қазақстан мен Италия арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Антонелло Де Риумен кездесу барысында мәлім болды, деп жазады inbusiness.kz.
Кездесу аясында тараптар мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын саралап, екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға қатысты басым бағыттарды айқындады. Министрдің айтуынша, Италия Қазақстан үшін тұрақты әрі сенімді әріптестердің бірі саналады. Қазіргі таңда бұл серіктестік нақты өндірістік жобалар арқылы жүзеге асып отыр.
Тараптар әсіресе көмірсутек ресурстарын игеру мәселесіне ерекше назар аударды.
"Биылғы жылдың басында QazaqGaz бен Eni компаниялары Каспий маңы аймағындағы "Каменковский" учаскесінде геологиялық барлаудың тәжірибелік кезеңін бастап кетті. Сонымен қатар "Оңтүстік Шу-Сарысу" және "Береке" алаңдарында зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр", – дейді ведомствода.
Мұнай-газ саласындағы дәстүрлі ынтымақтастықпен қатар, мұнай-газ химиясын дамыту бағытында да бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі – "Полиэтилен" жобасы. Бұл бастама аясында италиялық Maire Tecnimont жетекшілік ететін халықаралық консорциум полимерлеу қондырғысы мен газды бөлу кешенінің құрылысын бастап кеткен.
Энергетикалық трансформация бағыты да назардан тыс қалған жоқ.
"Жаңаөзен қаласында Eni компаниясымен бірлесіп, қуаты 247 мегаватт болатын гибридті электр стансасы салынып жатыр. Аталған жоба күн, жел және газ энергиясын біріктіріп, заманауи энергетикалық шешімдерді енгізуді көздейді. Жоба аясында алғашқы кезең сәтті іске асқан: 2025 жылдың қыркүйегінде 80 мың күн панелі орнатылып, станса таза электр энергиясын өндіре бастаған. Ал 2026 жылдың соңына дейін жел және газ генерациясы толық іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл Маңғыстау өңіріндегі мұнай-газ кәсіпорындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – дейді министрлікте.
Сонымен қатар дәстүрлі энергетика бағытында да жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Ansaldo Energia компаниясымен бірлесіп, Алматыдағы ЖЭО-3 нысанында жаңа буын газ турбиналары орнатылуда. Қажетті техникалық жабдықтар станса аумағына осы жылдың басында жеткізілген.
Кездесу қорытындысында қазақстандық тарап италиялық инвесторлар мен компанияларды елдің отын-энергетика кешеніндегі жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Бұл өз кезегінде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, экологиялық тиімді әрі тұрақты жүйе қалыптастыруға ықпал етпек.


