Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан мен Түрікменстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ. Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентіне ілтипат білдіріп, екі елдің халқын тарихи және туыстық қатынастар байланыстыратынын атап өтіп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін мұның мәні зор екенін жеткізді.
"Түрікменстан - Қазақстан үшін бауырлас мемлекет. Біздің тарихымыз бен шекарамыз ортақ. Бізді мәдени-гуманитарлық салалар және экономикалық мүдде секілді көп бағыттар байланыстырады", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге, соның ішінде энергетика, көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына ерекше назар аударылды.
Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елімізге сапармен келуге шақырғаны және қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Бұл - менің Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарым. Біз бұл сапарды елдеріміздің арасындағы екіжақты байланыстарды дамытудың маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз", - деді Түрікменстан Президенті.
Сондай-ақ ол биыл дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.
"Осы жылдарда екі ел арасындағы қатынастар кең ауқымды бағыттар бойынша табысты дамыды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді аталған маңызды датамен құттықтағым келеді", - деді Сердар Бердімұхамедов.
Түрікменстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түрікменстанның Милли Генгеші Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.