200-ге жуық елдің ішінде алпысыншы сатыда тұр.
фото: ҚР Ұлттық экономика министрлігі
Соңғы жылдары әлем елдері тек белгілі бір ірі қалаларды немесе экономикалық әлеуеті жоғары өңірлерді ғана емес, мемлекет шекарасындағы тұтас аумақты дамытуға күш салып жатыр.
Әлем көшбасшылары кімдер?
Мәселен, Жапония, Германия секілді дамудың көшін бастап тұрған елдер бірнеше өңірді қатар дамытып, әр аймақтан ауқымды хабтар қалыптастыруда. Бұл өз кезегінде біріншіден өңірлер арасындағы айырмашылықты азайтатын болса, екіншіден тұрғындардың белгілі бір орталыққа тығыз шоғырлануы мәселесінің алдын алады екен. Ал, Еуропадағы көптеген ел қалалардан бөлек, ауылдық елді мекендерді де сандық платформаға енгізіп, шалғайдағы тіршілікті де цифрландыруға басымдық беріп келеді. Ал, тұмса табиғатқа ие елдерде өңірлердің даму көрсеткіші ретінде экономика емес, экологиялық ахуал қарастырылады. Сәйкесінше, өңірлерді дамыту бойынша әлемдік рейтингті Дания, Норвегия сынды Скандинавия түбегіндегі елдер бастап тұр. Мұндағы елдерде әртүрлі өңірде тұратын азаматтардың табысында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Одан кейінгі сатыда барлық аймақты қатар дамытып жатқан Қытай тұр. Өңірлер арасындағы заңдық және экономикалық-әлеуметтік дербестікті сақтап тұрған Канада мен АҚШ үздік үштікті түйіндейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адами даму индексіне сүйенсек, Қазақстан да өңірлерді өркендету саласы бойынша қарқыны жоғары елдердің қатарына кіреді. Атап айтқанда, индекске енген 200-ге жуық елдің ішінде алпысыншы сатыда тұр. Орталық Азия елдері арасында көш басына жайғасқан. Сондай-ақ, бәсекеге қабілеттілік бойынша 34-ші орынға жоғарыласа, экономикалық күрделілік индексі бойынша 150-ге жуық елдің ішінде 55-ші орынға жайғасқан. Қазақстанның өңірлерді дамыту бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін мемлекеттер арасында да көшбасшылар қатарынан түспей келе жатқаны көпшілікке мәлім. Дегенмен, тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруіне қажетті инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылатын жұмыстар баршылық.
Қазақстан қай деңгейде?
Сәйкесінше, соңғы жылдары Қазақстан Үкіметі өңірлерді дамытып, аймақтар арасындағы айырмашылықты азайтуға бағытталған көптеген жобаны іске асырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», өңірлерді дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Ауыл – ел бесігі» сынды ұлттық және мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынып жатыр. Нәтижесінде соңғы бірнеше жылдың ішінде еліміздегі үш мыңнан астам ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы жақсарып, жол, мектеп, мәдениет үйі, емхана секілді нысандар бой көтерді. Шекараға жақын орналасқан ауыл-аймақтарға да ерекше назар салынып отыр. Еліміздің ірі және шағын қалаларында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірлердің ерекшеліктеріне байланысты ішкі және сыртқы инвестицияның қолдауымен өндіріс нысандары, кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары көптеп құрылуда. Үкіметтің ақпаратына сүйенсек, бүгінде ел қазынасының отыз пайызға жуығы осы бағытқа жұмсалады екен.
Үкімет бекіткен тұжырымдама тиімді ме?
Осы ретте «Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасына» жеке тоқталып өткен жөн. Былтырғы жылдың тамызында Үкімет қаулысымен бекітілген тұжырымдама еліміздегі өңірлердің тұрақты әрі бір деңгейде дамуына мүмкіндік береді. Мұндағы негізгі мақсат – аймақтар арасындағы әлеуметтік және экономикалық айырмашылықты қысқартып, ел тұрғындарының жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету.
Үкімет қаулысымен қабылданған құжаттағы негізгі бағыт – ел тұрғындарын инженерлік, логистикалық, әлеуметтік, жалпы барлық қажетті инфрақұрылыммен қамту. Өйткені кез келген жерде өңірлерді дамыту көрсеткіші осы бағыттың ахуалымен өлшенеді. Одан кейінгі бағыт – аймақтарды тұрақты әрі біркелкі дамыту. Бұл тұрғыда азаматтардың жайлы ортада тіршілік етуіне мүмкіндік беретін нысандар мен қызметтер жиынтығы, яғни Өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) қалыптасады. Аталған жүйе арқылы өңірлерге бөлінетін қаржы жоспарланады. Үшінші бағыт – өңірлерді дамыту жұмыстарын жетілдіру. Бұл тұрғыда әртүрлі өңірлердің ерекшеліктері ескеріліп, жергілікті жағдайға қарай даму бағыттарын әртараптандыру жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ, Үкімет бекіткен тұжырымдамада өңірлердің географиясы, жергілікті халық бейімделген бағыттар, әр өңірдің нарығындағы ерекшеліктер, тұрғындардың қоныстануы секілді факторлар жіті қаралып, дамыту жолдары айқындалған.
Жоғарыда «мемлекет шекара маңындағы елді мекендерді де дамытуға күш салып жатыр» деген едік. Үкімет бекіткен тұжырымдама бұл бағытты да қамтиды. Өйткені, бұл тұжырымдамаға бұған дейін де өңірлерді дамыту мақсатында іске асырылып келген бастамалар енгізілген. Ауыл тұрғындарына мол қуаныш сыйлаған «Ауыл - ел бесігі», ауыл азаматтарының өз ісін бастауына көмегі тиетін «Ауыл аманаты» бағдарламалары да осы тұжырымдаманың тармақтарына айналды.
Анықтама үшін:
Ауылдық елдімекендердегі инфрақұрылым желілерін жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылдан 2025 жылға дейін 7600-ге жуық орындалған. Оның 9 жүзге жуығы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық нысан болса, 2400-і әлеуметтік нысан және 4300-ден астамы ауылішілік жолдар. 2026 жылдан бастап бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бюджет есебінен атқарылады.
Ауылдық жерлердегі азаматтардың кәсіптік бастамаларына қолдау көрсетіп, жеңілдетілген несие беруге арналған «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан бастап іске қосылды. Сол уақыттан бері 18500-ден аса азаматқан жеңілдетілген кредит беріліп, 21000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылған.
Жалпы, Қазақстан аумағындағы өңірлердің айырмашылын азайту, тең дәрежеде дамыту жұмыстарын жемісті ету үшін бөлінетін қаржы жыл сайын көбейе бермек. Бұл жайында 2025 жылдың соңында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқан болатын. Оның сзіне сүйенсек, 2026 жылы өңірлерді дамытуға 1,8 триллион теңге бөлінсе, 2027 жылғы бюджет көлемі 3,2 триллионға жеткізіледі. Ал, 2028 жылы қаражат көлемін 4,1 триллион теңгеге дейін арттыру көзделген. Демек алдағы үш жыл көлемінде ел аймақтарының әлеуметтік және экономикалық ахуалын жақсартуға бас-аяғы 9 триллион теңгеден астам қаржы құйылмақ. Жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде атқарылып, қаржы қажетті жерге жұмсалса, Қазақстанның әлемдік рейтингтегі позициясы одан әрі жақсара түседі деп ойлаймыз.
Б.Мейірханұлы.


