Қазақстан-Ресей өңіраралық форумы: 23 мың жаңа жұмыс орны ашылады

0
92

Қазірдің өзінде 12 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп отырған отыз бірлескен жоба іске асырылып жатыр.


Қазақстан-Ресей өңіраралық форумы: 23 мың жаңа жұмыс орны ашылады

фото: Sputnik / Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобалары негізінде тағы 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін Оралда Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысы өтеді. Оған министр де келді. Оның айтуынша, форум 20 жылдың ішінде экономика мен өнеркәсіптен бастап ғылым мен мәдениетке дейінгі екі ел арасындағы стратегиялық диалог пен практикалық ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналды.
"Біз сауда айналымын диверсификациялау және өнеркәсіптік кооперация арқылы жақын арада өзара сауданы 30 миллиард долларға дейін арттыруды мақсат етіп отырмыз. Қазірдің өзінде 12 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп отырған, 4,4 миллиард доллар сомадағы отыз бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта 30,8 миллиард доллар көлеміндегі тағы 29 жоба және 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын жасақтау жоспарланып отыр", - дейді Шаққалиев.
Бұл жобалар энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды. Осы орайда адами капиталды дамытуға және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға баса назар аударылып келеді.
"Қазақстанда 2030 жылға дейін Еңбек нарығын дамыту Концепциясы жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – жұмысшылардың біліктілігін арттыру және кем дегенде 3,8 миллионнан астам сапалы жұмыс орнын дайындау, бұл жалпы жұмыспен қамтудың 45%-ын құрайды", - деді министр.
Қазақстан мен Ресей кәсіптік білім беру бағдарламаларын да бірлесіп атқарып келеді. Қазіргі кезде Ресей жоғары оқу орындарында 55 000-нан астам қазақстандық студент, ал Қазақстанда 2000-нан астам Ресей азаматы білім алып жүр.