Қазір Түркия аумағында күдіктіні іздеу және тұтқындау бойынша ісшаралар жүріп жатыр.
ERNUR.KZ. Қазақстан Түркия мен АҚШ билігінен "Астана LRT" ісіндегі басты фигуранттар – "Қазақстан инжиниринг" Ұлттық Компаниясы" АҚ бұрынғы басшысы мен төрағаның бұрынғы орынбасары Талғат Ардан және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековты беруді сұрады. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетов мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.
"Ардан Т. Түркия аумағында болуы мүмкін деген ақпаратқа сәйкес аталмыш мемлекеттің құзыретті органдарына оны беру жайлы ұсыныс жіберілді. 2021 жылдың 15 сәуірінде Түркия интернационалдық полициясынан Ыстамбұл қаласы "Бакыркей" ауданы сотының шешімімен Талғат Арданды қамауға алу жайлы сырттай үкімі шыққаны туралы ақпарат алдық", - деп мәлімдеді Нұрдаулетов.
Оның айтуынша, қазір Түркия аумағында күдіктіні іздеу және тұтқындау бойынша ісшаралар жүріп жатыр.
"Сонымен қатар Сұлтанбеков Қ. АҚШ-та екені анықталып, Американың Әділет министрлігіне оны беру жайлы өтініш жіберілді", - деп қосты Бас прокурор.
Ол 2020 жылы 24 шілдеде жіберілген өтініштің "әлі қаралып жатқанын" қосып өтті.