Қазақстан беделді Times Higher Education World University Rankings 2026 әлемдік рейтингіне енген университеттер саны бойынша Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында бірінші орынға шықты.
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
ERNUR.KZ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп жазады inform.kz.
Оның сөзінше, рейтингке еліміздің бес жоғары оқу орны енді, ал Назарбаев Университеті алғаш рет әлемдік топ-500 қатарына кірді.
— Назарбаев Университеті 401-500 орындар аралығына көтеріліп, бұл — қазақстандық университеттердің аталмыш рейтингтегі барлық уақыттағы ең үздік нәтижесі болды. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз орнын 1201-1500 диапазонында сақтап қалды. Рейтингке бұдан бөлек Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті енді. Жалпы биыл рейтингке Орталық Азия мен Кавказдың бес елінен 17 университет кірді — бұл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Оның ішінде Қазақстан — ең көп оқу орны енген мемлекет атанды, — деді министр.
Саясат Нұрбек атап өткендей, бұл жетістік — Мемлекет басшысының жоғары білім мен ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанының айғағы. Сондай-ақ ол еліміздің жоғары білім беру жүйесінің сапа мен бәсекеге қабілеттілікті арттыра отырып, халықаралық деңгейде танылуға нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін хабарланғандай, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген TALIS-2024 сабақ беру және оқытудың халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша, Қазақстанның білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалды.