Жыл басынан бері жалпы алымдар 4 млрд теңгені құраған.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 2025 жылға қарай 11 мың шақырым жол ақылы болады, деп жазады ulysmedia.kz.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта ақылы учаскелердің ұзындығы 2161 шақырымды құрайды. Жыл басынан бері жалпы алымдар 4 млрд теңгені құраған.
«Тұтастай алғанда, 2025 жылға дейін жол учаскелерін қайта жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 11 мың шақырым жол кезең-кезеңімен ақылы болады», - деді Өскенбаев.
Жеңіл көліктер үшін тариф 1 шақырымға 1 теңге, жүк көліктері үшін 1 шақырымға 25 теңге.
«Қызылорда облысында жергілікті жүк көлігін пайдаланушылардың көптеген өтініштеріне байланысты республикадағы ақылы автомобиль жолдарына жылдық жазылымды енгізу туралы бұйрыққа өзгертулер енгізілуде. Жылына ол сома 350 мың теңге болады», - деді министр.
Министрлік қай жолдар ақылы болатынын хабарлады: Қызылорда-Арал, Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Орынбор, Қайнар-Бішкек, Жетібай-Шетпе-Бейнеу-Ақжігіт, Павлодар-Семей, Солтүстік айналма Астана, Орал-Саратов, Көкшетау-Абасар, Павлодар-Омбы және Семей-Қалбатау.


