Қазақстанда әлеуметтік желідегі зиянды контентке бақылау күшейтіледі

0
120


Қазақстанда әлеуметтік желідегі зиянды контентке бақылау күшейтіледі

Фото: istockphoto.com


ERNUR.KZ. Жұрт назарын аударуға ұмтылу заңды немесе өзге адамдардың құқықтарын бұзатын әрекеттерге ақтау бола алмайды, деп жазады baq.kz.

Қазақстанда қаралым мен танымалдық үшін қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын контент авторларына қойылатын талап күшеюі мүмкін. Бұл мәселенің көтерілуіне Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің әлеуметтік желілерде арандатушылық және деструктивті контенттің таралуына қарсы тұру қажеттігі туралы мәлімдемесі себеп болды.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде, әсіресе TikTok-та арандатушылық әрекеттер, өзге адамдарды қорлау және қоғамдық орындардағы тәртіпті әдейі бұзу көрініс тапқан видеолар жиі тарай бастады. Мұндай жарияланымдар кейде миллиондаған қаралым жинап, авторларына жарнама мен танымалдық арқылы табыс әкеледі.

Президент Әкімшілігі аудиторияның көп болуы мен жұрт назарын аударуға ұмтылу заңды немесе басқа адамдардың құқықтарын бұзатын әрекеттерге ақтау бола алмайтынын атап өтті.

“ Шынында да, қазір қоғамдағы дау-дамайлар көп жағдайда азаматтардың мәдениетсіздігінен, дарақылығынан, әдепсіздігінен туындап жатады. Яғни, бұған адамдардың қарапайым әдеп нормаларын сақтамауы, бір-бірін құрметтемеуі себеп. Сондықтан, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру қазіргі уақыттағы ең негізгі мәселенің бірі саналады. Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің я даудың алдын алудың бірден бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарау, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу, тазалық пен тәртіпті сақтау “ , - деп атап өтті Ерлан Қарин.

Мәселе әлеуметтік желінің аясымен ғана шектелмейді. Өйткені мұндай контентті жасөспірімдер де белсенді көреді. Қоғамда әдейі тәртіп бұзу мен адамды кемсітуге құрылған әзілдер қалыпты әрекет ретінде қабылданып, шынайы өмірде қайталануы мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Бұл бағыттағы ұстанымның өзгере бастағанын құқық қорғау органдарының әрекетінен де байқауға болады. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі заңға қайшы контент таратқаны үшін тоғыз TikTok қолданушысының ұсталғанын хабарлаған. Бұл осындай жарияланымдардың авторларына профилактикалық шаралармен қатар заңда көзделген жауапкершілік те қолданылуы мүмкін екенін көрсетеді.

“ Ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес екені белгілі. Әрі мұндай өзгеріске жылтырақ идеологиямен қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті, қазір жалаң үгіт-насихатпен емес, нақты істермен айналысу тиімді. Елімізде осы мақсатқа қол жеткізу үшін Президенттің тікелей тапсырмасымен кезең-кезеңімен жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мысалы, орта білім беру жүйесіне «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Вандализмге қарсы күрес туралы арнайы заң қабылданды. Табиғи нысандарды қорғау талаптары қатаңдатылды. Қоғамдық орындарда бетті тұмшалап жүруге қатысты заңнамалық норма енгізілді. Көшеде бейәдеп сөз айтуға тыйым салынды. Тазалық пен тәртіпті сақтауға басымдық берілді. Жол-көлік ережелерін сақтау талаптары күшейтілді. Әлеуметтік желілерде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, кемсіту әрекеттерін тоқтатуға қатысты жауапкершілік қарастырылды “, - деді Қарин.

Сонымен бірге сарапшылар мен қоғам өкілдері айыппұл салудың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін екенін айтады. Егер даулы контент авторына қаралым мен табыс әкеле берсе, мұндай әрекет оған әлі де тиімді болып қала береді.

Дегенмен талаптарды күшейту ақпарат кеңістігінің барлық қатысушысына түсінікті ережелермен қатар жүруі керек. Әлеуметтік желідегі жауапкершілік блогерлер мен қарапайым қолданушыларға ғана емес, мемлекеттік органдардың өкілдеріне де қатысты болуы тиіс.

Осылайша, Қазақстан билігі әлеуметтік желідегі танымалдық жауапкершіліктен босатпайтынын аңғартып отыр. Ендігі басты мәселе – жаңа тәсілдердің іс жүзінде қаншалықты жүйелі қолданылатыны және олардың контент жасау мен оны тұтыну мәдениетіне ықпал ете ала ма деген сауал.