Қазақстанда алғаш рет робот жүрекке ота жасады

0
111

Операция Медициналық орталық ауруханасының кардиохирургтері мен Қытайдан арнайы келген дәрігерлердің бірлескен жұмысы арқылы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында жүзеге асты.


Қазақстанда алғаш рет робот жүрекке ота жасады

ERNUR.KZ. ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасында ел медицинасы үшін тарихи оқиға тіркелді. Қазақстанда және жалпы Орталық Азияда алғаш рет жүрекке роботтандырылған технология көмегімен ота жасалды, деп жазады baq.kz.

Операция Медициналық орталық ауруханасының кардиохирургтері мен Қытайдан арнайы келген дәрігерлердің бірлескен жұмысы арқылы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында жүзеге асты.

Туа біткен жүрек ақауы – жүрекшелік перде ақауы бар 28 жастағы пациентке жасалған ота заманауи роботтық хирургиялық жүйе көмегімен орындалды. Ең маңыздысы – операция дәстүрлі стернотомиясыз, кеуде сүйегін ашпай, тек шағын тілік арқылы жасалды. Қазір науқастың жағдайы жақсы, дәрігерлердің айтуынша, бұл тәсіл оңалтуды едәуір жеңілдетеді.

Медициналық орталық бұл оқиғаны жоғары технологиялы кардиохирургияны дамыту жолындағы маңызды кезең және халықаралық әріптестікті тереңдететін айқын қадам деп бағалады.

Конференция аясында шетелдік сарапшылар да қазақстандық дәрігерлермен бірге бірқатар пациентті қабылдады. Мәскеуден келген медицина ғылымдарының докторы, кардиолог және функционалды диагностика маманы Ольга Джиоева жергілікті мамандармен бірге консультациялар жүргізді. Сондай-ақ Жапониядағы Әулие Мария ауруханасының гематология бөлімін басқаратын профессор Jeon Yungwoo тоғыз науқасты қарап, кәсіби ұсыныстарын берді.

Еске сала кетейік, Астанада өткен ірі Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын аяқтады. Бағдарлама кардиохирургия, онкология, ядролық медицина, нейрохирургия, терапия, цифрландыру, фармацевтикалық реттеу, мейірбикелік іс, көшбасшылық және медициналық көмектің сапасын басқару сияқты маңызды бағыттарды қамтыды.