Қазақстанда ауылдарға шағын ұшақпен қатынау ұсынылды

0
219

Мәжіліс депутаты ел аумағының едәуір бөлігінде елдімекендер арасында қашықтық едәуір алыс екенін айтты.


Қазақстанда ауылдарға шағын ұшақпен қатынау ұсынылды

Фото: ChatGpt арқылы жасалған/ /stan.kz.

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Қазақстан өңірлерін бір-бірімен байланыстыру үшін шағын авиацияны дамытуды ұсынды, деп жазады stan.kz.

Мәжіліс депутаты ел аумағының едәуір бөлігінде елдімекендер арасында қашықтық едәуір алыс екенін айтты.

“Мәселен, облыс орталықтары арасындағы орташа қашықтық 300-ден 800 шақырымға дейін. Ал ең шалғай өңірлер арасындағы арақашықтық 2 500 шақырымға дейін жетеді. Сонымен қатар облыс орталықтары мен аудан орталықтарының арасы 500 шақырымнан асады. Сондықтан өңірлер арасындағы көлік байланысын дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды”, – деді Серік Егізбаев.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселені шешудің бір жолы шағын авиацияны дамыту. Ол әсіресе ауыл тұрғындары үшін шалғай елдімекендерге қатынауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шағын авиация ауыл шаруашылығында, геологиялық барлау жұмыстары, энергетика саласы, инфрақұрылымды бақылау, жер қойнауын пайдалан, табиғи ресурстарды қорғау және ішкі туризмді дамытуда кеңінен қолданылуы мүмкін.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін Үкімет бұл мәселені бірнеше рет қарастырғанымен, нақты шешімдер қабылданбаған.

“Қазақстанда шағын авиация қызметінің құқықтық негіздері 2010 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” заңмен реттеледі. Алайда қазір елімізде шағын авиацияның дамуы тиісті деңгейде емес”, – деді Серік Егізбаев.

Депутаттың сөзінше, бүгінде шағын авиация негізінен санитарлық тасымалдар мен ауыл шаруашылығы жұмыстарында қолданылады. Әуе паркі негізінен АН-2 ұшақтарынан тұрады. Олардың көпшілігі 40 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді.

“Кеңес дәуірінде іс жүзінде әр облыста шалғай ауылдық аудандар облыс орталықтарымен ішкі әуе қатынасы арқылы байланысқан. Республикада 50 әуежай мен әуеайлақ, 400 ұшу-қону алаңы жұмыс істеді. Қазір бұл инфрақұрылымның едәуір бөлігі жойылып кеткен. Қолданыстағы әуеайлақ желісі жалпы алғанда жеңіл әуе кемелерін пайдалануға жарамды. Алайда олардың көпшілігі жаңғыртуды және инфрақұрылымды жаңартуды қажет етеді. Саланың дамуын жүйелі мемлекеттік қолдаудың болмауы, шамадан тыс реттеу, кадр тапшылығы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және қолжетімді сақтандыру тетіктерінің жоқтығы сынды мәселелер тежеп отыр”, – деді депутат.

Шағын авиацияның әлеуеті жоғары әрі халық арасында сұранысқа ие екенін ескеріп, депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады:

шағын авиацияны дамытуға арналған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыру;

саланы мемлекеттік қолдау тетіктерін пысықтау, соның ішінде өңірлік әуе бағыттарын субсидиялау, жеңіл әуе кемелері мен авиациялық жабдықтарды импорттауға салықтық және кедендік жеңілдіктер беру, шағын әуеайлақтар желісін дамыту;

шағын авиация саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны талдап, қауіпсіздік талаптарын сақтап, жеңіл әуе кемелерін пайдалану рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету;

авиациялық кадрларды даярлау, авиациялық клубтар мен оқу орталықтарын дамыту, шағын авиация саласында қолжетімді сақтандыру тетіктерін енгізу.