Қазақстанда бірде бір жаңа газ баллоны жоқ болып шықты - қолданыстағы 348 мың баллонның бәрі ескі

0
203

Көп баллонның қолдану мерзімі тіпті 30 жылдан асып кеткен.


Қазақстанда бірде бір жаңа газ баллоны жоқ болып шықты - қолданыстағы 348 мың баллонның бәрі ескі

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Осыдан екі апта бұрын төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов үкімет отырысында газ баллондарынан болатын жарылыс туралы мәселе көтеріп, елімізде 348 мың газ баллоны ескі, ауыстыруды қажет ететінін мәлімдеген. Қазақстанда жалпы қанша газ баллоны бар екенін, осы 348 мың баллон бүкіл газ баллондарының неше пайызы болатынын білу үшін Энергетика министрлігіне ресми сауал жолданған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қазақстандағы үйлер мен дәмханалар қолданып жүрген бүкіл газ баллондарының саны осы 348 мыңға тең екенін анықтады. Яғни, Қазақстанда айналымда жүрген 348 мың баллон түгел жаңартуға жатады. Тіпті, бұлардың арасында 1991 жылдан бері келе жатқан баллондар бар.

Энергетика министрлігінің ақпаратынша, қазір Қазақстан тұрмыстық газ баллондарын өзі өндіре алмайды, сондықтан, оларды алыс-жақын шет елдерден импорттайды. Мәселен, 2022 жылы елімізге ЕАЭО елдерінен 152, ал үшінші елдерден (министрлік бұл үшінші ел қандай мемлекет екенін атаған жоқ - ред.) 222 газ баллоны жеткен. Ал былтыр барлығы 253 тұрмыстық баллон, соның ішінде ЕАЭО-дан – 12, үшінші елдерден – 241 баллон импортталған.

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, елімізде 348 140 газ баллоны бар, олардың көпшілігі 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланып келеді. Қолданыстағы стандарттарға сәйкес, газ баллондарының қызмет ету мерізімі 20 жыл, содан кейін оларды ауыстыру керек немесе жою керек. Маркетингтік зерттеулерге сәйкес жаңа тұрмыстық баллонның құны 25 мыңнан 36 мың теңгеге дейін барады», - деп жауап берді бізге энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.

Энергетика министрлігінен ескі баллондарды сонда кім және қашан ауыстырып отыруы керек екенін сұрады. Ресми жауаптан білгеніміз, қазір Қазақстан газ баллондарының айналымын тіпті электронды жүйеге енгізбеген де. Осыған байланысты, тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына Өнеркәсіп және құрылыс, Төтенше жағдайлар және Энергетика министрліктерінің өкілдері кіріпті. Жұмыс тобы ескірген газ баллондарын жинау және оларды ауыстыру мәселесін талқылаған.

«Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы ескі газ баллондарын ауыстыруға дайын екенін растаған. Компания жаңа баллондарды жасап шығару үшін ескі баллондарды шикізат ретінде пайдаланбақ.

«Осы жұмыс тобының мақсатын ескере отырып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі газ баллондарын айырбастау және кәдеге жарату механизмін әзірлеуге, сондай-ақ осы жұмысты қаржыландыруға талдау жүргізіп жатыр», - деп мәлімдеді ведомство.

«Газ және газбен жабдықтау» туралы заңның 28-бабы 7-ші тармағына сәйкес, тұрмыстық газ баллондарын автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газымен толтыруға мүлде болмайды. Алайда, ТЖ министрінің сөзіне сенсек, қарапайым халық бұл талапты елемейді.

Тұрмыстық газ баллондарын газ толтыру станцияларында және газ толтыру пунктерінде ғана толтыруға болады. Сондай-ақ екі қабаттан асатын көпқабатты тұрғын үйлерде тұрмыстық газ баллондарын пайдалануға рұқсат етілмеген.

Заңға сәйкес, газ толтыру станциялары мен газ толтыру пунктерінің иелері:

  • тұрмыстық газ сатып алатындарды абоненттік есепке алуға;
  • толтырылатын тұрмыстық баллондарды техникалық жарамдылық тұрғысынан зерттеп-қарауға;
  • газ баллондарын есепке алу жүйелері беретін бірегей кодпен немесе газ толтыру станциясы мен газ толтыру пункті иесінің тауар белгісімен сәйкестендіруге;
  • тұтынушыларға сатылатын әрбір тұрмыстық баллонның сапасына кепілдік талонын беруге;
  • газ баллондары қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.

Энергетика министрлігі болашақта тұрмыстық газ баллондарды QR-кодпен таңбалауды жоспарлап отыр.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп сұйытылған мұнай газы құйылатын тұрмыстық баллондардың айналымын реттеу мақсатында QR-код арқылы таңбаланатын цифрлық платформа жүйесінің жобасын әзірлеу жоспарда бар», - делінген жауапта.

Осы платформада газ баллондарын толтыратын субъектілердің атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі, газ құйылған күні, тұрмыстық баллонның бірегей зауыттық нөмірі, сұйытылған мұнай газының тұрмыстық баллонға неше рет құйылғаны, тұрмыстық баллонды куәландыру күні, тұрмыстық баллонды жөндеу күні туралы мәліметтер болады.