Қазақстанда ЕАЭО сертификаттары мен декларацияларын онлайн ресімдеуге болады

0
86

Былтыр Қазақстанда Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі (е-КТРМ) енгізілді.


Қазақстанда ЕАЭО сертификаттары мен декларацияларын онлайн ресімдеуге болады

ERNUR.KZ. Жүйе техникалық реттеу саласындағы барлық негізгі процесті автоматтандыруға және цифрландыруға арналған цифрлық платформа болып табылады. Оның көмегімен техникалық құжаттардың түпнұсқалығын тексеруге, сондай-ақ сертификаттауға электрондық өтінім беруге болады. Жүйеде 150 мыңнан астам белсенді қолданушы тіркелген. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді.

Тіркелген пайдаланушылар арасында мемлекеттік органдардың қызметкерлері, аккредиттеу субъектілері, сондай-ақ өтініш берушілер – ішкі және сыртқы нарықтардағы техникалық талаптарға сай болуға ұмтылатын бизнес өкілдері бар.

«Жүйедегі барлық құжат тек электрондық форматта ұсынылады. Түпнұсқалығын растау үшін QR коды қолданылады. Бұл дегеніміз, кодты сканерлеу кезінде телефон камерасы пайдаланушыны жүйедегі ресми құжатқа тез, қауіпсіз және жалған опциясыз бағыттайды. Сондай-ақ жүйе басқа да мемлекеттік ақпараттық ресурстармен толық интеграцияланған, бұл деректермен толық алмасуды және көптеген процесті автоматтандыруды қамтамасыз етеді», – деді спикер.

Ол платформаға тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілгенін атап өтті. Бұл кәсіпкерлердің әкімшілік жүктемесін азайтып, әділ бақылауды қамтамасыз ете отырып, цифрлық ізге негізделген тексерістер жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар былтыр өлшеу құралдарын электронды есепке алу модулі іске қосылды. 9,4 мыңнан астам ұлттық стандарт машина оқитын форматқа аударылды. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап е-КТРМ жүйесі арқылы ЕАЭО сертификаттары мен декларацияларын ресімдеуге, сондай-ақ, мысалы, «халал» өніміне немесе органикалық өнімге ерікті сертификаттау жүргізуге мүмкіндік туды.

«Бұдан бөлек, жүйе ЕАЭО ақпараттық ресурсымен интеграцияланған, бұл елдер арасында деректермен неғұрлым тиімді алмасуға, экспорттық-импорттық операциялардағы кедергілерді жоюға және рәсімдерді жеделдетуге ықпал етеді», – деп толықтырды Әсет Нүсіпов.