Жан басына шаққандағы аймақтық ең төменгі күнкөріс деңгейі (ТКД) жағдайы орташа Қазақстан азаматына минималды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажет ақша көлемін көрсетеді.
фото: canva.com
ERNUR.KZ. Наурызда Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі орташа есеппен 53 385 теңгеге дейін көтерілді, деп жазады inbusiness.kz.
Жан басына шаққандағы аймақтық ең төменгі күнкөріс деңгейі (ТКД) жағдайы орташа Қазақстан азаматына минималды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажет ақша көлемін көрсетеді. Көрсеткіш азық-түлік тауарларының белгілі бір топтамасының бағасы бойынша ай сайын есептеледі.
2025 жылдың наурыз айында Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша ТКД 53 385 теңгені құрады. Бұл ақпан айымен салыстырғанда 1,5%-ға, 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары.
Есептеулер бойынша бұл соманың 55 пайызы, яғни шамамен 29 362 теңге бір айға қажет азық-түлік алу үшін жетуге тиіс. Бұл сандар орташа жағдайдағы қазақстандықтың денсаулығын сақтау үшін қажет әрбір өнімнің нақты граммына негізделген. Қалған 45 пайызы, яғни 24 023 теңгесі азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерді төлеуге кетеді деп есептеліп отыр.
Наурызда ТКД-нің ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау облысында тіркелді – 62 446 теңге. Алматы облысы екінші орында – 57 496 теңге, Астана үшінші орында – 56 498 теңге.
Алматыда ТКД 55 200 теңге, ал Шымкентте 52 693 теңге. Ал ТКД-нің ең төменгі көрсеткіші Қызылорда облысында болып отыр – 47 772 теңге.
Бір қызығы, ТКД деңгейі тек аймақ бойынша ғана емес, әйелдер мен ерлерге, сондай-ақ әрбір жас тобына бөлек есептеледі.
Мәселен, 18 жастан асқан ер адамдар үшін орташа көрсеткіш – 63 512 теңге, әйелдердікі – 50 437 теңге.
Сонымен қатар, 13 жасқа дейінгі балалар үшін ТКД 42 795 теңге, қарттар мен зейнеткерлер үшін 49 915 теңге. Бозбалаларға – 67 376 теңге, бойжеткендерге – 51 629 теңге.