Еліміздің барлық өңірінде амбулаториялық деңгейде қызмет көрсететін "Әйелдер консультациясы" бөлімшелері қайта ашылып, олар бірқатар жаңа бағыттағы қызметтерді біріктірмек.
ERNUR.KZ. Қазақстанда жүкті әйелдер мен гинекологиялық аурулары бар әйелдерге арналған медициналық көмек қайта құрылымдалып, алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) аясында қолжетімді болмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті, деп жазады baq.kz.
Министрлік мәліметінше, еліміздің барлық өңірінде амбулаториялық деңгейде қызмет көрсететін "Әйелдер консультациясы" бөлімшелері қайта ашылып, олар бірқатар жаңа бағыттағы қызметтерді біріктірмек.
Жаңартылған құрылымда ашылатын бөлімшелер:
- Ұрықты сақтау орталықтары (бір күндік клиникасы бар);
- Отбасын жоспарлау орталықтары;
- Жүктілікті үзу кабинеттері;
- Жоғары қауіп төндіретін және экстрагениталдық аурулары (ЭГА) бар жүкті әйелдерді бақылауға арналған кабинеттер (мультидисциплинарлық топпен);
- Репродуктолог және балалар гинекологының кабинеттері;
Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова жаңа бөлімшелердің емханалар базасында жұмыс істейтінін және әйелдерге кешенді көмек көрсететінін айтты.
Бұл бастама – әйелдердің денсаулығын жақсартуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам, – дейді Халықова.