Қазақстанда «Франкофония көктемінің» жаңа маусымы басталды

0
258

Франкофония – бұл халықтарға мәдениетті тереңірек қабылдауға мүмкіндік беретін, сол арқылы мемлекетаралық ынтымақтастық палитрасын байытатын мәдениеттер, дәстүрлер, ерекше әдет-ғұрыптардың тығыз тоғысуы.


Қазақстанда «Франкофония көктемінің» жаңа маусымы басталды

ERNUR.KZ. Биыл 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Армения, Бельгия, Латвия, Литва, Румыния, Франция және Швейцария елшіліктері бүкіл Қазақстан бойынша Франкофония көктемін - француз тілі мен франкофония мәдениеттерінің алуан түрлілігіне арналған мәдениеттің көпсалалы фестивалін бірлесіп өткізеді. Фестиваль аясында Қазақстанның қалаларында қандай іс-шаралар өтетіні туралы ОКҚ алаңында елшілер айтып берді.

Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян Франкофония көктемінің 15-маусымы мәдени-гуманитарлық сипаттағы кезекті оқиға емес екендігін, Қазақстанда жыл сайын француз тілі мен мәдени алуандығын ілгерілету, білім беру мен қайта даярлауды ынталандыру, мәдениеттер мен өркениеттер диалогын жандандыру төңірегінде елдер мен халықтарды біріктіруге, ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.

«Франкофония – бұл халықтарға мәдениетті тереңірек қабылдауға мүмкіндік беретін, сол арқылы мемлекетаралық ынтымақтастық палитрасын байытатын мәдениеттер, дәстүрлер, ерекше әдет-ғұрыптардың тығыз тоғысуы. Соңғы жылдары Армения мен Халықаралық франкофония ұйымы арасындағы ынтымақтастық жаңа серпін алды, бұл ұйымның өткен 2024 жылғы саммитінде де айтылды. Арменияда Франкофонияның оныншы спорттық және мәдени ойындарына дайындық жүріп жатыр, оны 2027 жылы 23 шілдеден 1 тамызға дейін Ереванда өткізу жоспарланған. Бұл орасан зор оқиға Франкофония елдерімен достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, Арменияда француз тілінің таралуына елеулі үлес қосу үшін ұйымдастырылмақ», – деді Армения елшісі.

Армен Гевондянның айтуынша, биыл Қазақстанның төрт қаласында – Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкентте көрнекті армян режиссері Серж Аведикянның «Күткен адам» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің орынбасары Антуан Бинаме фестиваль аясында қазақстандық қалаларда өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы да айтты. Ол биыл Бельгия елшілігі Қазақстандағы Франкофония күніне қуана қатысатынын атап өтті. Іс-шаралар франкофондық кино апталығы аясында өтеді.

«Біз бельгиялық фильмдердің көрсетілімдерін ұйымдастырып жатырмыз. Астана мен Алматыда «Омен» фильмі көрсетіледі. Қарағандыда «Жюли неге үндемейді» фильмін көрсетеміз. 18 сәуірде Алматыда қазақ және француз тіліндегі әдебиетке арналған іс-шара өтеді. Бельгиялық авторлар мен иллюстраторлар Элен Делфорж Кентен Гребан онлайн режимінде иллюстрацияланған кітаптар жасау тәжірибелерімен бөліседі. Осы іс-шара аясында Қарағандыда «Комикстер арқылы Бельгия бойынша саяхат» көрмесін тамашалайсыздар. Сондай-ақ «Анашым» атты кітапты қазақ тілінде ұсынамыз», – деді Антуан Бинаме.

Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас Литва 1999 жылдан бері Халықаралық франкофония ұйымының бақылаушы мүшесі болып табылатынын атап өтті. Француз тілі - Литвада ең көп таралған төртінші тіл. Елде Франциямен мәдени ынтымақтастықтың жоғары деңгейі байқалады.

«Мен үшін осында және бұған дейінгі қызметтерімде елші бола отырып, «Франкофония көктеміне» қатысу әрқашан мәртебе болды. Мен сіздерді іс-шараларға қатысуға, фильмдер көруге, гастрономиялық іс-шараларға қатысуға шақырғым келеді. Сіздер көптеген қызықты және жағымды дүниелермен танысасыздар», – деді ол.