Қазақстанда құрастырылған 2 тікұшақ Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді

0
554

Тікұшақтар ТЖМ орындайтын міндеттерді ескере отырып жасалған.


Қазақстанда құрастырылған 2 тікұшақ Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе паркі Қазақстанда құрастырылған екі жаңа МИ-8АМТ тікұшағымен толықты, деп жазады ҚазАқпарат.

24 маусымда Алматы қаласында «№405 авиажөндеу зауыты» АҚ аумағындаТөтенше жағдайлар министрлігіне Қазақстанда құрастырылған Ми-8АМТ екі тікұшағын беру рәсімі өтті.

Іс-шараға Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев қатысты.

Ол 2020 жылғы желтоқсанда Қазақстанда құрастырылған Ми-8АМТ алғашқы 2 тікұшағы да ТЖМ пайдалануына берілгенін атап өтті.

Әуе кемелері Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында әзірлікте тұр.

Олар Түркістан облысының тауларындағы іздестіру-құтқару операцияларына, шұғыл медициналық эвакуациялауға, орман авиациялық жұмыстарына және еліміздің аумағындағы су тасқыны қаупі бар кезеңде аэровизуалды барлау жұмысына жұмылдырылды.

ТЖМ тікұшақ паркін толықтыру «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «№ 405 авиажөндеу зауыты» АҚ және «Ресей тікұшақтары» АҚ арасындағы үшжақты келісім аясында іске асырылады.

Тікұшақтар ТЖМ орындайтын міндеттерді ескере отырып жасалған.

Олар жолаушы мен жүк тасымалдауға, зілзала мен табиғи апат аймақтарындағы авариялық-құтқару жұмысына, орман күзетуге, өрт сөндіруге, сондай-ақ халыққа санитариялық авиация қызметтерін көрсетуге бейімделген.

Техника авиациялық қызметтер мен жұмыстардың кең спектрін орындауға арналған.

Ол заманауи жабдықтармен, ұшудың практикалық ауқымын 2 есе арттыратын қосымша отын бактарымен жабдықталған.

Ми-8АМТ модификацияланған әуе кемесінде ұшуларды орындау үшін ТЖМ ұшу және инженерлік-техникалық құрамынан 18 адам (12 ұшқыш және 6 борт-механик) Ұлан-Удэ қаласындағы «Баргузин АК» авиациялық оқу орталығында ұшу даярлығынан өтті.

Іс-шара соңында бірінші вице-миистр алдағы уақытта ТЖ министрлігінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Ол табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде құтқару операциясын жүргізудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.