Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шауып отыр.
Фото: Tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Қазақстанда мектептің оқу бағдарламасына жаңа курстар енгізіледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, - деп жазады tengrinews.kz.
"Менің тапсырмам бойынша осы жылдан бастап мектептерде "Құқық негіздері" пәні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына "Конституция негіздері" және "Заң мен тәртіп" курстары енгізіледі. Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шауып отыр.
"Өкінішке қарай, бұл өте қарапайым ақиқатты көптеген жас азаматтар білмейді де, түсінбейді де. Біздің міндет – оларға өмірдің осы шындығын түсіндіріп айту. Жалпы, оқулықтардың мазмұны заман талабына, сондай-ақ, жаңа Конституция идеяларына сай болғаны өте маңызды. Осы міндеттің сапалы әрі уақтылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты", - деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейте түсу керек. Қазір бұл бағдарлама, негізінен, орта білім саласында ғана жүзеге асырылып жатыр.
"Ұрпақ тәрбиесі – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды міндет. Дегенмен осы мәселеге келгенде барлық жауапкершілікті тек мектептерге артып қою дұрыс емес. Біз тұтас қоғам болып, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. Ең маңызды мақсат: Конституцияның негізгі қағидаттары ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болуға тиіс. Жастарымыз Конституцияны жақсы білуі қажет. Сонда ғана қоғамымыз өркениетті, білімді, ұқыпты, ал еліміз өте дамыған әрі озық болатынына күмән жоқ", - деді Президент.


