Қазір Қазақстанда темекі өнімдері, аяқ киім және дәрілік бұйымдар міндетті таңбалауға жатады.
ERNUR.KZ. Негізгі мақсат - контрафактілік өнімдермен күресу және тауар қозғалысының барлық кезеңінде ашықтықты арттыру. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов айтты.
«Тауарларды таңбалау – бұл өнімдерге бірегей кодты қолдану, оның көмегімен сатып алушының шығу тегі мен жолын бақылауға болады. Ол жалған өнімнен қорғайды және мемлекетке нарықты ретке келтіруге көмектеседі. Бұл процедура бизнесті әділ шарттармен, ал тұтынушыларды қауіпсіздікпен қамтамасыз етеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында нарықтағы заңсыз өнімнің үлесі едәуір қысқарады, салықтар мен акциздердің жиналуы артады, адал жүргізілетін бизнес үшін тең жағдай жасалады, ал тұтынушылар сатып алынатын өнімнің түпнұсқалығы мен сапасына кепілдік алады», – деді спикер.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде ашық трансшекаралық сауданы және тауарлардың сапасын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған таңбалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға белсенді қатысады. Бұл тауардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын дәйекті түрде бақылауға, заңсыз өнімнің жеткізілуі және айналым тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Биыл жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын, сыра сусындарын, мотор майлары мен зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалауды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Пилот ретінде келесі тауар түрлерін таңбалау бойынша жобалар іске асырылуда: биологиялық белсенді қоспалар, киіктің мүйізінен жасалған өнімдер және тұрмыстық химия», - деп атап өтті Әсет Нүсіпов.