2019 жылдан бастап пластмасса мен қағаз қалдықтарын көмуге тыйым салынады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 2019 жылдан бастап пластмасса мен қағаз қалдықтарын көмуге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату мәселелері бойынша баяндаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру үшін қалдықтарды бөлек жинауды ендіру, жеке инвестициялар тарту, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нормативтік құқықтық база құрылды және жетілдіріліп жатыр», - деді министр.
Оның айтуынша, Экологиялық кодекске қалдықтармен жұмыс жасау бойынша түзетулер енгізілген.
«Атап айтқанда 2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдарды және құрылғыларды, металл сынықтарын, пайдаланылған майларды және сұйықтықтарды, батарейкаларды, электронды қалдықтарды көмуге тыйым салынды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап пластмассаны, макулатураны, картонды және қағаз қалдықтарын, әйнекті, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді»,- деді Қанат Бозымбаев.