Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бірге жаңа синтетикалық заттарды анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық әдістерді жетілдіруде.
көрнекілік үшін фотоколлаж: gov.kz
26 маусым – БҰҰ Бас Ассамблеясы 1987 жылы бекіткен Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Бұл күн – әлем жұртшылығын есірткісіз болашақ құруға үндейтін маңызды дата. Қазақстан да бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, соңғы жылдардағы статистика мен тәжірибе белгілі бір оң өзгерістерді көрсетеді.
2023 жылы Үкімет нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы күреске арналған жаңа кешенді жоспарды бекітті. Онда 2024 жылға қойылған мақсаттар айқындалды:
- есірткіге тәуелділер санын қысқарту;
- ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізген кәмелетке толмағандардың үлесін 15%-дан 20%-ға көтеру;
- медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтуды 26%-дан 30%-ға дейін арттыру.
Бағдарламаны іске асыруға 53,1 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат алдын алу, емдеу және құқықтық шараларға бағытталды.
Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, 2024 жылдың алғашқы бес айында өткізілген арнайы операциялар барысында:
- 4 тоннадан астам есірткі,
- 15 тоннадан көп прекурсор,
- 95 жасырын зертхана анықталды.
18 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, оның біреуі халықаралық деңгейде әрекет еткен. Сонымен бірге 14 мыңнан астам есірткі жарнамаланған сайт пен 15 мың банк картасы бұғатталды.
«Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында ел аумағында 47 мыңға жуық заңсыз граффити жойылып, 426 қылмыстық іс қозғалды. 36 күдікті қамауға алынды.
Жыл басынан бері бірнеше облыста ірі көлемдегі есірткі тәркіленді:
- Жамбыл облысы – 21 кг-нан астам гашиш;
- Алматы қаласы – 24 кг марихуана сақталған зертхана жойылды;
- Маңғыстау облысы – 2,5 кг апиын;
- Алматы облысы – 190 кг синтетикалық а-PvP және 8 тонна химиялық прекурсор.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда нашақорлыққа тіркелгендердің саны біртіндеп азайып келеді. 2022 жылы 17 085 адам динамикалық есепте тұрса, қазір бұл көрсеткіш 18 мыңнан сәл ғана асады (жүйеге жаңа анықталғандар қосылған).
Елімізде 76 емханада және аудандық ауруханаларда 212 психолог кабинеті бар. Жыл сайын 30-ға жуық психиатр мен нарколог қайта даярлаудан өтеді. Қазіргі уақытта 152 резидент осы бағытта жоғары білім алуда. Соңғы жеті жылда білікті мамандар саны 15–20%-ға артты.
Стационарлық орталықтарда 3 747 төсек-орын қарастырылған, оның 270-і оңалтуға арналған. 2023 жылы алты өңірде сауықтыру бөлімшелері ашылып, жыл соңына қарай олардың саны 13-ке жетті.
Синтетикалық есірткілердің кеңеюіне байланысты психикалық бұзылыстарды емдеудің жаңа хаттамасы дайындалып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, қазіргі медициналық куәландыру жүйесі халықаралық стандарттарға сай, оған клиникалық тексеру, психомоторлық тестілеу, зертханалық талдау және экспресс-диагностика кіреді.
Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бірге жаңа синтетикалық заттарды анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық әдістерді жетілдіруде.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық аясында есірткі көміп, таратқаны үшін сотталған жастардың ісін қайта қарау мәселесін көтерген еді. Бұған дейін бұл бап бойынша 415 адам босатылған, ал өзгерістер енгізілсе, тағы 2 мыңнан астам азамат бостандыққа шығуы мүмкін.
Соңғы бес жылда Қазақстан нашақорлыққа қарсы күресте бірқатар маңызды жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, заңсыз зертханалар жойылды, тарату арналары жабылды, профилактика мен емдеу жүйесі нығайды.
Алайда синтетикалық есірткілердің жаңа түрлерінің пайда болуы, интернет арқылы тарату әдістерінің күрделенуі және жастар арасындағы тұтыну деңгейінің сақталуы бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпау қажеттігін көрсетеді. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік органдар, медицина мамандары және қоғам өкілдері алдын алу, емдеу және құқықтық шараларды бірлесе жетілдіре беруі тиіс.