Халықаралық туристерді тарту және заңнамалық қолдау – Президенттің саланың даму қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға басты негіз.
ERNUR.KZ. Үкімет отырысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс қорытындылары мен жоспарлары туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Оның айтуынша, негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалып отыр, мәселен, орналастыруға арналған орындарда туристер саны 12%-ға артып, 10 млн адамнан асқан. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық индексінде Қазақстан 66-дан 52-орынға көтеріліп, өз позициясын жақсартты. Алдағы уақытта Топ-50 елге кіру мақсаты қойылды.
«Капиталды тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестициялар көлемі 32%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгені құрады. Жүзеге асыру сатысында тұрған Hilton, Mandarin Oriental кешендерінің, «Ой-Қарағай» курортының және Keruen Inn желісінің құрылысын қоса алғанда, сала бойынша 328 жоба бар. Бұл 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді министр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Алматы тау кластерін, Щучье-Бурабай курорттық аймағын және Маңғыстауды дамыту жоспарлары бекітілді.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Алматы өңіріндегі курорттар бірыңғай жүйеге біріктіріледі: 30 жаңа аспалы жол және 161 шақырым шаңғы трассасы пайда болады. Бұл маусым қызған шақта жүктемені азайтуға және туристік ағымды 5 млн адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба жоғары экономикалық әлеуетке ие, өйткені тау шаңғысы туристерінің шығындары орта есеппен $350 құрайды, бұл жағажай туристерінің шығындарынан 7 есеге көп.
«Щучье-Бурабай аймағында Қатаркөл және Жөкей көлдеріне жүктемені бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы «Променад» аймағы, 10 шақырым веложолдар мен қарау алаңдары іске қосылды. Маңғыстауда «Жылы жағажай» және «Кендірлі» аймақтарына басымдық беріліп отыр. Абаттандырылған жаяу маршруттар, қарау алаңдары, визит-орталықтар құрылады. Туристік өнімді кеңейту есебінен қонақтардың болу ұзақтығын 10 күнге дейін және 2029 жылға қарай ағымды тағы 150 мың адамға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті министр.


